05 қаң, 2020 сағат 16:09

Дәрігерлер ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

5 қаңтарда Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір ауруханада 30 науқас қалған. Олардың жетеуі - бала. Жан сақтау бөлімінде екі адам жатыр. Үш адам әрі қарай ем алу үшін Нұр-Сұлтандағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілген.

"Барлық зардап шеккендердің, соның ішінде Алматыда жан сақтау бөлімінде жатқан адамдардың жай-күйі тұрақты, бір қалыпты жақсаруы байқалады" делінген Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.

Барлығы 22 операция жүргізілген, олардың бәрі сәтті аяқталған.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлап, сол маңдағы үйге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен. Ұшақ соғылған үйдің жаңадан салынып жатқаны, апат кезінде үйде ішінде адам болмағаны хабарланған.

Желтоқсанның 30-ы күні Алматыда арнайы баспасөз жиынын өткізген Bek Air әуе компаниясының өкілдері Fokker-100 ұшағының "техникалық жағдайы жақсы болған" деді. Компания басшылығы "Fokker-100 ұшағы әуеге көтерілерден бір минут бұрын ұшқан ауыр салмақты Airbus-321 ұшағының ілеспе толқыны әсер етіп, ұшақты басқаруды күрт қиындатқан болуы мүмкін" деген болжам айтқан.

Бірақ "Қазаэронавигация" мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары Фаат Богдашкин Bek Air компаниясы өкілінің "Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына өзге ұшақтың әуе толқыны әсер еткен болуы мүмкін деген сөзі шындыққа жанаспайды" деп мәлімдеген.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгеден (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Ұшақ апатының себебі анықталғанға дейін Bek Air әуе компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.