06 сәу, 2022 сағат 16:27

Дәрігерлер Шымкенттегі ПД баспасөз хатшысының жағдайын айтты

Фото: facebook.com/moldyr.bekeeva

Дәрігерлер өзіне қол жұмсамақ болған Шымкент ПД баспасөз хатшысы Мөлдір Бекееваның жағдайын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, Бекеева өзіне қол жұмсау үшін көп мөлшерде дәрі ішкен. Алайда бұл дәрігерлердің алдын ала болжамы ғана. Шымкент қалалық ПД баспасөз хатшысы ауруханаға 6 сәуірге қараған түні түскен.

"Науқас түнгі сағат 1.30-да жедел жәрдем көлігімен Шымкент қаласындағы Гипербарикалық оттегі терапиясы орталығына жеткізілді. Дәрігерлер оны дереу тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Түскен кезде жағдайы өте ауыр, бірінші дәрежелі комада болды. Қазір ол ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты, ауыр", - деді дәрігерлер.

Бұған дейін Шымкент қалалық ПД баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өзіне қол жұмсамақ болғаны хабарланған болатын. 5 сәуірде Мөлдір Бекеева Facebook-парақшасында қоштасу жазбасын қалдырған. Жазбада ол мұндай қадамға қалалық ПД басшылығының қысымы итермелегенін айтқан.