19 мау, 2023 сағат 18:19

Дәрігерлер елорда тұрғындарын көшеге шықпауға шақырды

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті елорда тұрғындарын көшеге орынсыз шықпауды сұрап, үндеу тастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Астанадағы Қорғалжын тасжолы мен Қосшыға қарай өтетін айналма жол арасындағы қураған ағаштың жанып кетуіне байланысты түтін мен өртенген иіс байқалып жатыр. Осыған байланысты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қала тұрғындарын орынсыз көшеге шықпауға шақырады. Пәтерлерде терезелерді жауып, көшеде бетперде киіп жүруді ескертеді. Бұл ұсыныстар бірінші кезекте тыныс алу жолдары аурулары бар адамдарға қатысты", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, алдын ала ақпарат бойынша елорда маңындағы өрт аумағы 15 гектарға жетті.

Өртті сөндіру үшін жеке құрамның 140 адамы және 40-қа жуық техника жұмылдырылған.