27 сәу, 2020 сағат 19:40

Дариға Назарбаева: Өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударылуы керек

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі даму кезеңінде қазақстандық бизнесті қолдау шаралары мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оған вице-спикерлер Бектас Бекназаров, Асқар Шәкіров, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Серік Жақсыбеков, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев қатысты. 

Дариға Назарбаева кіріспе сөзінде экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия мемлекеттен қолдау көрсетілетін жүйе құраушы кәсіпорындардың алдын ала тізілімін анықтағанын атап өтті. 

«Кәсіпорындардың қазіргі тізімінде құрылыс пен сауда компанияларының үлесі көбірек, ал тау-кен және өңдеу өнеркәсібі кенже қалған. Экономикалық стратегияның басты мақсаты - импортты алмастыру саясатын күшейту болса да осы. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі - аса маңызды әрі біз өзіміз өндіретін азық-түліктің импортынан немесе онсыз да өмір сүре алатын өнімдерден бас тарту керек», - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Сенаторлар талқылау барысында кәсіпорындарды жүйе құраушы өлшем шарттарына жатқызатын өлшем шарттар жүйесін жаңарту, тұжырымдамалар мен тәсілдерді қайта қарау қажеттігін, өйткені қазіргі өлшемдер қарапайым заттар экономикасы стратегиясы мен экономикалық ахуалға сай келмей отырғанын атап өтті.

Жиында сөз алған Төраға орынбасары Бектас Бекназаров мемлекеттік көмек агроөнеркәсіп кешенін қалпына келтіруге бағытталуы қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ 2011 жылы өлшем шарттарды құру туралы бұйрық жарық көргенін және Жеке кәсіпкерлік туралы заң оның негізі болғанын, ол заңның 2015 жылы күші жойылғанын жеткізді.

«Бізге осы тұжырымдамалар мен тәсілдерді түбегейлі қайта қарау керек. Алдымен халқымыз тоқ болуы үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. «Жүйе құрушы» деген ұғымнан бас тарту керек. Тұжырымдама басқаша болуы тиіс», - деді Б.Бекназаров.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға осы мәселе бойынша өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік берілуі керек. Сенаторлар мемлекеттік қолдау атаулы әрі дәл болуы, ал кәсіпорындарды таңдау өлшемдері мен оларды қолдау тетіктері жалпыға бірдей болмай, әр саланың ерекшелігі ескеріле отырып әзірленуі тиіс екенін атап өтті. 

«Өңдеу өнеркәсібіне баса назар аударылуы керек. Кәсіпорындар тізімі жаңа критерийлерді ескере отырып қайта қаралуы тиіс», - деді Д.Назарбаева.

Мемлекеттен көмек алуға үміткер кәсіпорындар өздеріне қандай міндеттемелер алатынын талдау жасап, нақты анықтау қажет.

«Бұл тізіммен ешқандай асығуға болмайды. Әзірге мемлекеттік көмек тетіктері мен құралдары нақты түсінікті емес, заңнамалық база да дайын емес. Қолдауға талаптанатын әрбір кәсіпорын ресми өлшемшарттарға сай келіп қана қоймай, олар жұртшылық алдында жұмыс орындарын сақтауға және ұлғайтуға, салықтық түсімдер, дамуға инвестиция салу жоспарына сай ішкі сұраныс пен экспортты қанағаттандыруға міндеттемелер алуы тиіс. Онсыз болмайды, қазір уақыт басқа», - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының атынан Үкіметке Жүйе құраушы кәсіпорындардың тәсілдемелері мен өлшемдері тізілімін қалыптастыруға қатысты ұсыныстар әзірленетін болды.