Украинадағы саяси жағдайға байланысты елімізге дәрі-дәрмек жеткізу тоқтатылады. Бұл туралы «СК-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Ерхат Исқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Енді Украинаның орнын ауыстыру үшін дәрі-дәрмекті Үндістан, Қытай арқылы жеткізу мәселесі қаралып жатыр.
«Бүгінде украиналық дәрі-дәрмек зауыттары қызметін тоқтатты. Олар алғашқы партияны жеткізді, қазір тоқтап тұр. Осы орайда біз қазір Украинаның сауда-өнеркәсіп палатасымен шартты бұзу туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Байқауды қайта жариялаймыз. Басқа дәрі-дәрмек өндірушілерін іздестіреміз. Десек те Украина біздің күте тұруымызды сұрап отыр, оған күтетін мүмкіндік жоқ», - деді Ерхат Исқалиев денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту мәселесіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Украинамен дәрі-дәрмек жеткізуге қатысты байланыс қайта қаралады.
«Украина дәрі-дәрмектерінің бағасы тиімді. Өкінішке қарай, зауыттары жұмысын тоқтатып жатыр. Одан әрі Украинадан дәрі-дәрмек жеткізу мәселесі қайта қаралады. Әзірге, Үндістан, Қытай және Еуропа елдері арқылы жеткізу жағы қаралып жатыр», - дейді ол.
Сондай-ақ, компания басшысы елімізге дәрі-дәрмек жеткізу жұмысына қатысты пікір білдірді.
«Жеткізуге қатысты проблема жоқ. Дәрі-дәрмекті отандық көліктер жеткізу үстінде, бізге «Қазлогистик» пен «ҚТЖ» қол ұшын созуда. Елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Мен өзім бұрынғы кәсіби логистпін, сондықтан салаға қатысты әр позиция мен нормативтік құжаттармен жақсы таныспын. Ресеймен де проблема жоқ, дәрі-дәрмек уақытылы жеткізіліп жатыр. Бұл жылы көрші ел 1 жылдық қорды бірден жіберіп қойды. Жалпы біз дәрі-дәрмек қорын жарты жылға жететін көлемде сатып аламыз. Осыған орай алдын ала жоспарлап, тауарды жеткізу жолын қарастырамыз. Менімше, биыл дәрі жеткізуде проблема болмауы тиіс», - дейді ол.
Еске сала кетсек, сәуірдің басында Денсаулық сақтау министрлігі Укаринадан дәрі әкелу келісімшарттарының күші жойылатынын хабарлады.
Айта кетейік, бүгін елордада Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінде денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту мәселесіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.