29 шіл, 2020 сағат 10:45

Дәрі-дәрмек пен масканы қымбат бағаға сатқандар ұсталды – Түркістан

Түркістан облысының аумағында дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды жоғары бағамен заңсыз сату фактілерін анықтау мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жергілікті полиция қызметі басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, карантин кезінде вирустық аурулардан науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен сатқан дәріханалар мен азаматтарды тексеруде. 

Карантин басталғаннан бері мобильдік топ полициямен бірге дәрі-дәрмектерді заңсыз сатудың 51 фактісін анықтап, 5232 түрлі медициналық дәрі-дәрмектерді тәркіледі. Рейд барысында Арыс АПБ ЖПҚ учаскелік инспекторлары ауылдардың бірінен тиісті құжаттарсыз тіркелмеген дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан дәріхананы анықтады. Полицейлер дәріхана иесінен «Эуфиллин», «Анальгин», «Димедрол» және «Офиоксицин» препараттарын яғни барлығы 77 қаптаманы тәркілеп алды. Аталған жайт бойынша материалдар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне заңды шешім қабылдау үшін жіберілді. Осындай заңбұзушылық жайты Бәйдібек ауданынан да анықталған. Шаян ауылындағы дәріхана сатушысы сатып алушыға «ацетилсолин қышқылының» 2 орамасын, «парацетамолдың» 3 орамасын және 2 медициналық масканы 30% - ға қымбат сатқан. 

Сатушыдан полиция қызметкерлері 12 орама «парацетамол», «ацетилсолин қышқылы» және медициналық бетперделер тәркілеп алған. Ауданда сондай-ақ, карантиндік шектеу шараларына қарамастан жұмыс істеген 20-дан астам дүкен және дәріхана иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылған.