Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Отандасымыз елордада өткен бокс кешінде аргентиналық Хуан Эрнан Леалмен жұдырықтасты. Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қос былғары қолғап шебері IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы белбеуін сарапқа салған еді.
Елеусінов қарсыласын екінші раундта екі рет, үшінші раундта бір рет нокдаунға жіберді. Дегенмен аргентиналық боксшы кездесуді жалғастырып, соңына дейін шыдады. Қалған раундтар да Даниярдың толық басымдығымен өтіп, төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.
Осылайша, Елеусінов тарихта әлем чемпионы белбеуін таққан бесінші қазақстандық атанды. Бұған дейін әлем чемпионы титулына Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов қол жеткізген еді.
Айта кетейік, 30 жастағы Данияр Елеусінов 2016 жылы Рио Олимпиадасының чемпионы атанған. Әуесқой бокста 2013 жылы Әлем чемпионы, 2013 және 2015 жылдары Азия чемпионы болған.
2634 рет оқылды