17 жел, 2021 сағат 19:51

Данияр Елеусінов: Бұл жекпе-жегімді елімнің Тәуелсіздігіне арнаймын


Қазақстан - әлемдегі спорттық державалардың бірі. Тәуелсіздіктің 30 жылында қатысқан Жазғы Олимпиадалардың ешбірінен олжасыз оралмадық. Әсіресе, ұлтымыздың оң жамбасына келетін спорт түрлерінен Қазақстанның бәсі қашанда биік тұратын.

– Қазақстан – Тәуелсіз ел, кең байтақ жері бар, бейбітсүйгіш халқы бар, өзінің рәміздерімен мақтанып, паш етуге мүмкіндігі бар. Біз спортшылар әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқату үшін барымызды саламыз. Бұл - әрбір бүлдіршіннің арманы. Менің де арманым болған. Рио Олимпиадасында сол арманыма жеттіп, алтын медаль иегері атандым, – дейді боксшы Данияр Елеусінов.

Бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы Данияр Елеусінов бүгінде кәсіпқой бокста бағын сынап жүр. Жерлесіміз кәсіби рингте ешкімге есе жібермеді. 10 кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырғалы тұрған сайыста Данияр аргентиналық боксшымен жұдырықтасады. 


– Бұл жекпе-жегімді елімнің Тәуелсіздігіне арнаймын. Жанкүйерлердің қолдауы мен үшін маңызды. Жеңіске бірге жетеміз деп үміттенемін.

Қазақстан дүние жүзінде өтіп жатқан сайыстарға қатысып қана қоймай, өз жерінде де дүбірлі додалар өткізіп тұрады. Мәселен 2011 жылы сол кездегі Астана мен Алматыда өткен қысқы Азиа ойындарында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Ал 2017 жылы Алматыда қысқы универсиада алауы тұтанды. Сондай-ақ түрлі спорт түрлерінен Әлем чемпионаттары, гран-при турнирлері өткізіліп тұрады.

Ел халқының 30 пайызға жуығы бұқаралық спортпен айналысады. Бүгінде еліміздің ірі қалаларында жалпыхалықтық марафон өткізу де дәстүрге айналған.