14 нау, 2018 сағат 11:12

Даниал Ахметов: Жағдайды табиғат емес, өзіміз қиындаттық

Шығыс Қазақстан облысының әкімі аймақтағы тасқынға байланысты брифинг өткізді. Ол «Аягөз болашақ» қорына бір айлық еңбекақысын аударғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, 10 наурыздан басталған тасқын кезінде облыс бойынша 229 үйге су кірген. Оның 189-ы Аягөз қаласына тиесілі. Өскеменде 24, Ұлан ауданында 5, Глубокое ауданында 8, Зайсан ауданында 2, Күршім ауданында 1 үйге су кірген. Сондай-ақ, 193 аула мен 110 саяжай нысаны да су құрсауында қалған. Қазір барлық елді мекендер судан арылған. Жаңбыр суынан жапа шеккен аудандардың қатарына Зырян, Катонқарағай, Тарбағатай, Шемонайха аудандары мен Риддер қаласы да енді.

Ал Аягөздегі баспанасы құлап қалған 8 отбасыға  бірінші кезекте баспана сатып алынады. Оған қажетті қаржы бөлініп те қойған. 

«Бүгін сағат 10-ға дейін «Аягөз болашақ» қорына облыстық «Парыз» қорынан 50 млн теңге аудардық. Бұл қаржыға халықтың қажеттілігіне қарай көмір, құрылыс материалдары, киім-кешек алынады. Үйі құлаған 8 отбасыға дереу үй сатып алып береміз. Осы сөзімнен кейін Аягөзде үй бағасы қымбаттамайды деп үміттенемін. Екі күн бұрын мұнда 15 үй сатылады деген ақпарат болған. Сол кезде айтылған баға өзгермейді деп сенемін. Қымбаттап кеткен күннің өзінде адамдарды далада тастап қоймаймыз. Үйлері апаттық жағдайда деп танылған адамдар да баспанасыз қалмайды. Аягөздің өзінде 60 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. Ол қолданысқа тек 4 айдан кейін беріледі. Сондықтан біз қажетті баспананы екінші нарықтан іздейтін шығармыз», - деді ол.

Апат кезінде өңірдің барлық аудандарынан 385 адам қауіпсіз жерге көшіріліпті. Аягөздегі 360 адамның 73-і әлі де интернат ғимаратында күнелтуде. Оның 42-сі - бала. Даниал Ахметов ешбір оқушы сабақтан қол үзбегенін де айтты. Өскеменде баспанасы тұруға жарамсыз болған 22 адамның жетеуі «Үлбі» әлеуметтік қызмет орталығына орналастырылған.

«Кеше Аягөздің жағдайымен таныстым. Оның алдында Өскемен мен Ұлан ауданындағы су басқан елді мекендерді аралағанымды білесіздер. Апат Аягөз халқын біріктіре түсіпті. Елдің бірлік-берекесі қиын сәтте сыр бермегенін көріп қуандым. Әзірге жарамсыз болып қалған үйлердің саны 18. Бұл сан әлі өсуі мүмкін. Оған кеше көзім жетті. Бірақ айтарлықтай алшақтық болмауы керек. Аудан әкімдігі барынша тиімді жұмыс істеп, ширақтық танытқанын да айта кету керек», - деді әкім.

Оның айтуынша Аягөздегі жағдай қайталанбас үшін облыстағы жағдайды мамандар әуеден бақылап, мониторинг жүргізбек. Қазірдің өзінде 6 тікұшақ көтеріліп, сәт сайын ақпараттарды жедел штабтың алдына түсіруде.

«Аягөзде су шайған көпірді жаңалаймыз. Жалпы биыл қаланың инфрақұрылымын реттеуге 4 млрд теңге бөлінген. Енді жобаларды қайта қарап, тасқыннан қорғану, арық-бөгет жүйесін бекемдеу шараларын қолға аламыз.  Мамандардың айтуынша мұндай жағдай Аягөзде соңғы 50 жылда болмаған екен. Үйін су шайып кеткен адамдармен де сөйлестім. Ең бастысы олардың ертеңге деген сенімі жоғалмапты. Ол сенімді ақтаймыз да», - деді Даниал Ахметов.

Ұлан ауданының Мамай батыр ауылына да жаңа көпір салынатыны расталды.

«Бұрынғы көпірдің асты темір, беті ағаш болатын. Оның орнына темір-бетон материалдан ені әлдеқайда кең жаңа көпір саламыз. Қазір онда да қатынас қалпына келтірілді», - деді аймақ басшысы.

Сөз соңында Даниал Ахметов бар кінәні табиғатқа артып, қол қусырып отыра беруге болмайтынын ескертті.

«Мысалы Өскемен қаласының Сәтпаев даңғылындағы жалғыз ойықпен қала билігі 8 сағат бойы әуреленді. Су жайылған күні-ақ қосымша қиыршық тастар дайындап ойылған жерлерді бітей қою керек болған. Ал қала әкімі оның орнына қозғалысты тоқтатқан. Су алған үйлерге де көмек дұрыс ұйымдастырылмаған. Дабыл жеткен сәтте-ақ әр үйге 10-15 маман жіберу керек еді. Бұл жерде табиғат емес, өзіміз жағдайды қиындатқанбыз. Тәжірибесіз басшыларға барлығын ескертіп отырмаған менің де кінәм бар шығар», - деді Даниал Ахметов.

Синоптиктер аптаның соңына қарай тағы да күн күрт жылынып, жаңбыр күшейеді деген болжам айтуда. Апат қайталанса, төтенше жағдай қызметінің жеке құрамынан бөлек 500-ден астам әскери қызметкер де көмекке келуге әзір көрінеді.