ШҚО әкімі Даниал Ахметов шенеуніктерге Семей халқын жаз уақытында ыстық сумен қамтамасыз ету үшін шара қолдануды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Семей қаласында 20 жыл бойы жаз уақытында ыстық су тоқтап қалатын.
«Семейде 1997 жылдан бастап жаз уақытында ыстық су тоқтатылады. Биыл қалада ыстық су маусым айына дейін беріледі. Семей халқы бұл басты проблеманы ұмыту керек. Қаржы бар, тек жұмыс барысын қадағалау керек. Семей ЖЭС-1 турбиналар мен құрылғыларды жөнге келтіру керек. Осы жылы қалада ыстық су болады және алдағы уақытта да тоқтатылмайды. Ай сайын Семейге келіп, өзім қадағалап тұрамын», - деді облыс әкімі.
Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаков қалада ыстық су осы уақытқа дейін жергілікті жылу электр станциясын және аймақтық қазандықты жаңғыртуына байланысты болмағанын түсіндірді.
«Бұл мәселе қалада шетел компаниясының келуімен басталды. 1997 жылға дейін Семей қаласында екі жылу кәсіпорны болған. Бұл «Теплокоммунэнерго» және «Алтайэнерго». Кейін олар бірікті. Енді қала халқына ыстық су жөндеу жұмыстары аяқталған соң беріледі. 2009 жылдан бастап ЖЭС-1 –де реконструкциялау мен модернизациялау жұмыстары жүрсе, 2012 жылдан бастап аймақтық қазандықтар қолға алынды», - деді Ушаков.
Қала тұрғындары болса, жаз уақытында су ысытқыш құралдарын пайдаланып келген. Әрине бұл тұрғындардың қалтасына үлкен салмақ салып отырған.
«Осы уақытқа дейін қалада ыстық су болмады, барлығымыз су ысытқыш құралдарын сатып алып, орнатып қойдық. Жылу маусымы басталғанға дейін солай күнелтетінбіз. Бұл үшін электр энергиясы үшін қомақты қаржы төлейтінбіз», - дейді қала тұрғыны Қарлығаш Оспанова.