Фото: ШҚО ақпарат орталығы
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жергілікті БАҚ-тың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Риддер жылу электр орталығының жаңа иелері туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бүгін өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Мен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен бөлісіп, бірқатар маңызды және қызықты сұрақтарға жауап бердім. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығы бойынша бірқатар сауалдар қойылды.
Өкінішке орай, Орталықтың жаңа иелері жалақы бойынша 3,3 миллиард қарызды өтеу, жөндеу, жаңарту жұмыстарына қатысты ештеңе жасамады. Қазіргі таңда станция біздің жеке басқаруымызда және заңға сәйкес жұмыс жалғасуда, оны коммуналдық меншікке беру алгоритмін жүзеге асырамыз", - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, қаңтарда Даниал Ахметов Риддердегі жылу электр орталығының меншік иесі ауысқанын мәлімдеген еді. Сол кезде ол орталыққа "қазақ инвесторы" келгенін нақтылаған болатын.
Жуырда энергетика министрлігі елдегі тозығы жеткен жылу электр орталықтарының рейтингін жариялады. Оған сәйкес, Риддер Жылу электр орталығының жабдықтары 71,5%-ке тозған, орталықтың өзі 1956 жылы пайдалануға берілген.
Ведомство мәліметінше, Риддер ЖЭО-да былтыр қазан айынан бері апат жиілеген. Жылу желілері жұмысының температуралық режимі 133 рет сақталмағаны анықталды. Ал жеткізілген көмір үшін "Қаражыра" АҚ алдындағы берешек 1,5 млрд теңгеге жеткен.