21 ақп, 2020 сағат 13:27

Даниал Ахметов бастаған комиссия мүшелері Майқапшағай кеден бекетіне барды

Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов жетекшілік ететін комиссия Зайсан ауданында екі топқа бөлініп жұмыс жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Шығыс Қазақстан облысының ақпарат орталығына сілтеме жасап.

Бүгін облыс әкімі жетекшілік ететін комиссия екі топқа бөлініп жұмыс жүргізді. Даниал Ахметов бастаған бір топ Майқапшағай кеден бекетіне барып, Қытаймен арадағы шекараның жабық екеніне көз жеткізді.

Ал комиссияның екінші тобы жол құрылысымен айналысатын қытайлық компанияның 8, 10-учаскесінде болды. Мұндағы қытай жұмысшыларының визаларын тексерді. Олардың барлығы да Қазақстан аумағына былтыр, яғни коронавирус шықпай тұрған кезде кіргендері белгілі болды.

Сонымен қатар, облыс әкімі Зайсандағы Ә.Молдағұлова көшесінің тұрғындарымен кездесіп, үйлерге газ тарту мәселесін қарастырды. Халықтың мәселесіне құлақ асқан өңір басшысы көшеге газ құбырын тартуға бюджеттен 100 млн теңге қаражат қарастыруды тапсырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімдігі Зайсан ауданындағы ауруханаларға коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары жатқызылады деген ақпараттың жалған екенін мәлімдеген еді.

«Қытаймен екі арадағы шекара жабылды. Ал сол елден келген біздің 5 азаматымыз оқшауланып, карантинге жатқызылады», - деді Даниал Ахметов.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та Зайсандағы жағдайға қатысты пікір білдірді.