15 жел, 2020 сағат 09:12

«Даму» қоры ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің несиесіне кепілдік береді

«Даму» қоры ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің несиесіне кепілдік береді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 400 млрд теңге өңдеу, яғни шикізаттық емес салаға бағытталған. Оған көрсеткіші жақсы, сомасы 326 млрд теңгеден асатын жобалар қабылданған. Аталған 400 млрд теңге соманың 81,6 пайызын құрайды. Негізгі салалардың барлығы қамтылған. Ауыл шаруашылығы саласын айтар болсақ, оған 300 млрд теңге бөлінген. 139,9 млрд теңгенің жобалары қамтылған. 270 млрд теңге ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруге берілген. Көрсеткіш - 46,2 пайыз», - деді Абылай Мырзахметов. 

Оның айтуынша, бұл салаға несиенің 93 пайызы «ҚазАгро» тарапынан беріледі. 

Ал екінші деңгейлі банктер кепілдіктің жетпеуіне байланысты несие беруде белсенділік танытпай отыр. 

«Жалпы, бағдарламаға 7 мәрте жүйелі өзгертулер енгізіліп, оның оң дамуына барлық жағдай жасалды. Жоғарыда кепілдік беру проблема болғанын айтқан едік. Сіздің тапсырмаңызбен енді «Даму» қоры кепілдік беретін болып отыр. Яғни, келісім бойынша 1 млрд теңгеге дейінгі несиеге «Даму» қоры кепілдік береді. Ал 1 млрд теңгеден жоғары жобаларға соманың 50 пайызына дейінгі кепілдікті де «Даму» қоры ұсынады. Мұндай жайт екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығы саласына несие беруін жандандырады деп ойлаймын», - деді ол.