Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қандай нәтиже беретінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл өңірлер арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді.
Осы бағыттарды іске асыру аясында 4 міндет, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджетте 4 трлн теңгеден астам, ал жергілікті бюджеттерде 786 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 2,8 трлн теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді», - деді Ә. Ерғалиев.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізгі шараларында 13,5 трлн теңге тұрғын үй құрылысына инвестиция тартылады, 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады. Екінші жолдарды салу және «Достық-Мойынты» учаскесін электрлендіру есебінен «Қытай-Еуропа-Қытай» қатынасының өткізу қабілетін 5 есеге ұлғайту жоспарлануда. «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысы қамтамасыз етіледі.
Ұлттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша мынадай көрсеткіштеріне қол жеткізілетін болады:
- Қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне 100% қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
- 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3561 ауылды жаңғырту жоспарлануда.
- 103 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.
- Республикалық автожолдардың барлығы және жергілікті деңгейдегі автожолдардың 95% жақсы жағдайға жеткізу көзделіп отыр.
- Автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк ағыны көлемін 2025 жылға қарай 30 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Жалпы, жоғарыда аталған үш Ұлттық жобаны тиімді іске асыру тұрақты экономикалық өсуді 5% жоғары деңгейде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27% арттыруға және 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның позициясын қырқыншы орынға дейін жақсарту көзделуде», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, министр Үкіметте үш ұлттық жобаны таныстырды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасын орындау мақсатында, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш Ұлттық жобаны әзірледі. Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобалар.