Жергілікті мониторингтік топ қызметкерлерінің тексерісі кезінде ұсталған Қайрат Нұртас той үстіндегі даулы видеосына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі Stories-те жариялаған бейнежазбасында айтты.
"Ассалаумағалейкүм, қалайсыздар. Кеше бір ағамыздың туған күніне барып едік. Сол дәл мені ұстағысы келді ме, білмеймін әйтеуір, маған қарап қалды ма, бірақ Алланың көзі тура болсын. Құдай бар ғой. Жақсылық болсын", - деп қысқа ғана пікір білдірді әнші.
Айта кетейік, Almaty.tv телеарнасы мейрамханада көңіл көтерген Қайрат Нұртас пен Кенжебек Жанәбілов туралы сюжет жариялаған. Қалада мереке күндері жұмысын тоқтатпаған тағы бір мейрамхана анықталғанын хабарлап, мониторингтік топ пен қалалық штабтың мамандары бірлесіп, көңіл көтеру мекемесінің ішіне 3 сағат дегенде әзер кірген болатын. Мекеме ішінде Қайрат Нұртас болғаны анықталған еді.
Еске салайық, Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны 31 307-ге жетті. Оның ішінде, 26 169 адам аурудан айыққан.