ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына жүргізілген аудит қорытындысын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Комитеттің сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және несие бойынша кепілдік беру, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, 42 500 теңге мөлшерінде төлемдер, «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы, азық-түлік және тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету, тұрғындардың коммуналдық төлемдерін өтеу, денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерін ынталандыру, медициналық ұйымдарға ақы төлеу, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 3 медициналық модульдік кешендер құрылысы, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен әскери қызметкерлерге сыйақы төлеу, байланыс қызметтерімен және ведомствоаралық ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, азық-түлік және арнайы мүлік сатып алу, палаталық қалашықты жабдықтау, блокпостардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жылу түсіргіштер сатып алу, сот сараптамасы объектілерін салу, зираттары бар крематорийлер салу, сот сараптамалары жөніндегі қызметтер, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына арналған дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бөлінген 700 млрд теңгеге жуық қаражаттың пайдаланылуын қамти отырып, аудиторлық іс-шаралар жүргізді.
Аудиторлық іс-шаралар нәтижелері бойынша келесі бұзушылықтар анықталды:
«Ауыл-Ел бесігі» бойынша – құрылыс жұмыстарының орындалмаған көлеміне төлем, сараптама жүргізбей автожолдарға жөндеу жүргізу, коммуналдық меншікке жатпайтын объектілерді жөндеу;
денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерін ынталандыру және медициналық ұйымдарға ақы төлеу бойынша – қызметкерлерге ынталандырушы төлемдерді негізсіз есептеу, төлеу және тарифтерді қолдану, емделмеген емделушілер үшін төлем жасау, сондай-ақ, техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін және артық бағамен құрылғыларды жеткізу, көрсетілмеген қызметтерді өтеу;
тұрғындардың коммуналдық төлемдерін өтеу – жергілікті атқарушы органдар алушылардың санын асыра көрсетуі, коммуналдық шығындарды өтеу сомасын нормадан артық негізсіз есептеу және төлеу, азаматтардың арнайы категориясы тізіміне кірмейтін тұлғаларға төлем жасау, қайтыс болған адамдардың есеп-шоттарына қаражат аудару, коммуналдық қызметтерді жеткізушілер алған қаражатты тұтынушылардың есеп-шоттарына уақытында аудармауы;
азық-түлік және тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету бойынша –
бірнеше категорияларға жататын тұлғаларға ақша қаражатын (азық-түлік жиынтығының құнын өтеу түрінде) негізсз аудару, азаматтардың арнайы категориясы тізіміне кірмейтін тұлғаларға төлем жасау, азаматтардың жекелеген категорияларына тиесілі төлемдерді жасамау.
Аудиторлық іс-шаралар қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себептерін жоюға, сондай-ақ аудит объектілері қызметінің тиімділігін арттыру мен жетілдіруге бағытталған 26 ұсыным берілді.
Анықталған бұзушылықтардың барлық фактілері бойынша аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру туралы нұсқамалар жолданды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес 31 лауазымды тұлға сомасы 22,9 млн теңге айыппұл көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ол толығымен бюджетке төленді. Бұзушылықтарға жол бергені үшін 481 кінәлі тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Аудиторлық іс-шаралардың қорытындылары бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін сомасы 10 639,3 млн теңге болатын 28 материал құқық қорғау органдарына жолданып, 5 материал бойынша қылмыстық іс қозғалған, қалған материалдар қарастырылу және тергеу сатысында жатыр.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Жұмыспен қамту жол картасы (ЖҚЖК) шеңберінде бөлінетін қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне мониторинг жүргізу бойынша жұмыс аясында Комитет камералдық бақылау жүргізу жұмыстарын жалғастыруда, сондай-ақ ЖҚЖК іске асырумен байланысты заңды және жеке тұлғалардың өтініштері негізінде аудиторлық іс-шаралар жүргізілуде.
Мысалы, 2021 жылғы 14 мамыр жағдайы бойынша 2020-2021 жылдары жүзеге асыруға көзделген барлық ЖҚЖК жобаларынан жалпы сомасы 185,3 млрд теңге болатын 170 жоба бойынша мемлекеттік сатып алулар аяқталған, оның ішінде камералдық бақылаумен жалпы сомасы 86,4 млрд теңге болатын 64 жоба бойынша бұзушылықтар анықталды. Қалған жобалар бойынша мемлекеттік сатып алулар хабарландыру (өтініштер қабылдау, өтініштерді қарастыру)сатысында жатыр немесе хабарланбаған (бюджет қаражаты бөлінбеген, ЖСҚ пысықтауға жіберілген, мемсараптама өтпеген), немесе сатып алулар жүргізуден бас тартылған («Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚРЗ-ң 5-бабының 13-тармағы).
Бұл ретте, әлеуетті өнім берушінің өтінімін заңсыз өткізу, заңсыз қабылдамау, шартты жеңілдіктерді қолданбау немесе дұрыс қолданбау мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында жол берілетін негізгі заңнама бұзушылықтары болып табылады.