Чернобыль атом электр станциясының бұрынғы директоры Виктор Брюханов қайтыс болды, деп хабарлайды Азаттық.
Ол станцияға нысан салынғалы бері жетекшілік етіп, 1986 жылдың 26 сәуіріндегі ірі апатқа дейін басқарған.
Брюханов 84 жасында дүниеден өтті. Оның қазасы жөнінде хабарламаны Чернобыль АЭС баспасөз қызметі таратты.
"Кәсіпорын ұжымы мен әкімшілігі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады" делінген хабарламада.
Брюхановтың қай жерде, қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіз. Оның Киевте тұрғаны белгілі.
Виктор Брюханов Чернобыль атом электр станциясына нысан салынғанға дейін яғни, 1970 жылы басшы болып тағайындалған. Әуелі нысан құрылысына жетекшілік етті, кейін станцияны да басқарды. Атом электр станциясының төртінші энергоблогы жарылып, АЭС тарихында ең ірі апат болған кезде ол басшылықтан шеттетілді. Кейін сотқа тартылып, он жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім шыққаннан кейін бес жылдан соң – 1992 жылы мерзімінен бұрын босап шықты.
Жарылыс болғаннан кейін алғашқы сағаттарда Брюханов апаттың ауқымын дұрыс бағаламаған. Мұны оның совет басшылығына берген түсініктемелерінен айқын байқауға болады. Биыл сәуір айында Украина қауіпсіздік қызметі Чернобыль апатына байланысты құпия құжаттарды жариялаған. Арасында Брюхановтың баяндамасы да бар. Ол сол кезде Припять қаласында жағдай қалыпты, радиация деңгейі бақылауда деп жазған.
Брюханов әлемге танылған "Чернобыль" (2019) минисериалының кейіпкеріне айналды. Оның рөлін актер Кон О'Нил сомдаған.