Чехия президенті Милош Земан денсаулығына байланысты міндетін атқара алмай отыр, оның жұмыс кабинетіне оралуы неғайбыл.
Мұндай ақпарат Орталық әскери госпитальдан тарап жатыр. Президенттің өзі бір аптадан астам уақыттан бері осы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл хабарды дүйсенбі күні Чехия парламенті жоғарғы палатасының (Сенат) төрағасы Милош Выстрчил да айтты. Ол президент міндетін басқа басшыларға беруден басқа амал жоқ деді.
Сенат төрағасы Чехия конституциясына сәйкес, президент өкілеттігін уақытша басқа адамға өткізу мәселесі қаралатынын мәлімдеді.
Алайда президент Земанның жақтастары, ол ауруына қарамастан қызметін атқара алады деп, оның саяси қарсыластарын сынап жатыр.
Милош Земанның өзі бір айдан астам уақыт көпшілік алдына шықпады. Мәліметке қарағанда, ол парламент сайлауынан кейін-ақ ауруханаға түскен. Сайлауда оның одақтасы, премьер-министр Андрей Бабиш жеңілген болатын. Ал жаңа премьер-министрді президент тағайындауы керек.
Президент өкілеттігін өзге адамға беру үшін парламент дауыс беруі тиіс.
Земанның диагнозы нақты айтылмайды. Заңға сәйкес, оны науқастың өзі жариялауы тиіс. Бірақ бірқатар басылымдар дереккөзіне сілтеме жасап, 77 жастағы президенттің бауыр энцефалопатиясымен ауыратынын хабарлады. Бұл кесел бірден ми қызметін істен шығаратын көрінеді.