29 қаң, 2021 сағат 16:17

БЖЗҚ зейнетақы жинағын пайдаланушыларға ескерту жасады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар алаяқтардың фишингтік шабуылдарына ұшырап жатқанын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметінің орталығының хабарлауынша, алаяқтар жіберетін хаттарда күдік тудыратын сайттарға сілтемелер тіркеліп, зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалануға рұқсат берілгендігі айтылады. 

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» арнайы шотқа аудару туралы» деген мазмұнға ие жіберілімдер жасалмайтынын ресми түрде мәлімдейді. БЖЗҚ сонымен қатар салымшыларға (алушыларға) біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуға қатысты ешқандай хабарлама жібермейді және салымшының ешқандай дербес деректерін сұрамайды», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ бейтаныс сайттарға күдікті сілтемелер бойынша өтпеу туралы ұсыным жасап, қатаң ескертеді. Ақпаратты тек БЖЗҚ-ның ресми сайтында және уәкілетті операторлар болып есептелетін банктердің интернет-ресурстарында тексеру қажет.