07 там, 2018 сағат 14:40

БЖЗҚ-ға борышы үшін қазақстандық Лондондағы үйінен айырылып қалуы мүмкін

БЖЗҚ алдындағы борышын өтемеген қазақстандық азамат Лондондағы үйінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Естеріңізде болса, бұл Эмитент («Қазақстан қағазы») Лондонда бұрынғы акционерлеріне қарсы сотта жеңіп шыққан болатын. Берілген сома 315 млн АҚШ долларын құрады. Эмитент негізгі жауап беруші - Мақсат Әріптің бұғатталған  112 млн АҚШ долларынан бөлек Лондонда  құны 25 млн доллар болатын 6 нысанды тапты. Бұл жылжымайтын мүліктің иесі кипрлік компания болып шықты. Мүлік сенімді басқаруға берілген», - деді БЖЗҚ заң департаментінің директоры Назым Бақтыбаев.

Сенімді басқарушының иесі Мақсат Әріптің әйелінің анасы болып шықты. Соңғы сот отырысы 2018 жылдың 31 тамызында өтеді. Онда аталған мүліктің Мақсат Әріпке тиесілі немесе еместігі шешілетін болады.

Мұның алдында БЖЗҚ өкілдері борышкер эмитенттері туралы хабарлаған болатын.

2017 жылдың желтоқсанында «Қазақстан қағазы» АҚ эмитенті бойынша оңалту шаралары тоқтатылып, банкроттық процедурасы жасалған. Бұл шарамен келіспеген Қор басшылығы ҚР Жоғарғы сотына арыз түсірген болатын. Биыл шілдеде Жоғарғы сот мұның алдында шыққан сот актілерін қайта қарау туралы қаулы шығарды. Енді бұл мәселе ҚР Жоғарғы сотының азаматтық коллегиясында 22 тамызда қаралатын болады.