11 нау, 2021 сағат 08:15

БЖЗҚ активтері 2 пайызға төмендеді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері 2 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері халықтың қаражатты мерзімінен бұрын алуына байланысты жыл басынан бастап 0,3 трлн теңгеге немесе 12,6 трлн теңгеге дейін 2 пайызға төмендеді. Салымшылар енгізген зейнетақы жарналарының көлемі 191,7 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – 60,1 млрд теңгені құрады», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы жайында баяндаған Ерболат Досаев. 

Оның дерегінше, жыл басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 222,9 млрд теңге болды. Осы жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша инфляция 1,3 пайыз болған кезде 1,7 пайыз мөлшеріндегі кірістілік алынды. 

«Нақты кірістілік инвестициялық қызмет, сондай-ақ зейнетақы активтерін нарықтық және бағамдық қайта бағалау нәтижесінде қамтамасыз етілді», - деді Ерболат Досаев.