16 нау, 2018 сағат 09:41

Бюджеттің 322 млн. теңгесін ұрлаған екі азамат Ресейде ұсталды

Еліміздің бюджетінен қаржы жымқырып, Ресей асқан екі азамат елге қайтарылды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2018 жылдың наурыз айында Ресей федерациясынан Қазақстан Республикасына, Комитеттің экономикалық тергеу қызметімен іздеуде жүрген 2 Қазақстан азаматын елге қайтарды. Олар Батыс Қазақстан облысы бойынша азық-түлік тұрақтандыру қорын аймақтық қалыптастыру және Атырау қаласының оң жағалауындағы су тазарту құрылыстарын салу бағдарламалары шеңберінде бөлінген бюджет қаражаттарын жымқырып, кейін Ресей аумағында жасырынған», - делінген хабарламада.

2017 жылы Ресейдің құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралар нәтижесінде қылмыскерлер ұсталып, қамауға алынды.

«Бұл адамдардың әрекеттерінің салдарынан мемлекетке келтірілген зиян шамамен 322 млн. теңгені құрады», - делінген комитет таратқан ақпараттарда.