«Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасының орындалу барысын бақылау мақсатында арнайы отырыс өткізді. Партияның Орталық аппаратында өткен шараға партия Хатшысы Тамара Дүйсенова төрағалық жасады.
Отырыс барысында Елбасы үндеуіндегі "Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту" және "Шағын несие беруді көбейту" жайы назарға алынды. Іс-шараға партия Хатшысы Илья Теренченко, партия және өкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлері, Қазақстандағы Кәсіподақтар одағы федерациясының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысты. Сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы партияның барлық өңірлік филиалдары қосылды.
Мемлекет басшысы үндеуіндегі екінші бастаманың жүзеге асу барысы бойынша Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, есеп берді. Бастамаға сәйкес, жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіш немесе 60 125 (алпыс мың бір жүз жиырма бес) теңгеден төмен жұмысшылар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесін 10 есе төмендету ұсынылмақ. Сондай-ақ салық салынатын табыс 90 пайызға азайтылады екен. Қалған еңбекақыға 10 пайыз мөлшерлемемен жеке табыс салығы салынатыны да белгілі болды. Яғни, салық жүктемесі 10 есеге төмендейді. Аталған тетікті қолдану қызметкердің дереу және кепілдікті қосымша табыс алуын (негізгі жалақы алу кезінде) пайымдайды және жұмыс берушінің қаржылық жүктемесін ұлғайтпайды.
Ұсынылған механизмді еске асырудың нәтижесінде қазақстандық жұмыскерлер шамамен 29 миллиард теңге көлемінде қосымша жалақы алатын болады. Оны үш жылдық трансферттер кезеңінде республикалық бюджет қаржысының есебінен жабылады.
Тұрғындарға салынатын салық мөлшерлемесін жеңілдету мен микрокредиттеу саласындағы жұмыстар да талқыланды. Шағын несие беру мөлшері бойынша Астана мен Алматы қалалары, Маңғыстау және Атырау облыстарында жоспар орындалмаған. Онлайн жиында мұның себептері нақтыланып, алдағы уақытта жұмыстарды жылдамдату жайы тапсырылды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Біржан Нұрмағамбетов бюджеттік қызметкерлер үшін айлық есептеу жүйесін өзгерту жайын ұсынды.
- Бюджет бойынша ең төменгі жалақы - бәріне белгілі негізгі лауазымдық қызметақы, оның ешуақытта да күнкөріс минимумына да, ең төменгі жалақыға да байланысы болмаған. Соңғы он жылда ол өзгерген жоқ. Біз қызметтік айлықты ең төменгі жалақыға ауыстыру керек деп санаймыз. Олай болса азаматтық қызметкерлердің кестесі бойынша жалпы жалақы да көтерілетін болады, - деді.
Елбасы үндеуіндегі бес бастаманың бірі - "Шағын несие беруді көбейту". Отырыс барысында бұл бастамаға қатысты біраз жоспар әлі жүзеге аспағаны да белгілі болды. Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша жыл басынан бері жоспарланған 14 мыңның 12840 кішігірім несиесі бөлінген. Оның 11 629-ы ауылда жерге, қалаларда кәсіпкерлер 3 мың кішігірім несиенің 1211-ін алып, жоспар бар-жоғы 41 % орындалған.
- Бұл бастама бойынша бөлінген несиелердің ішінен стартап-жобаларды қолдауға 8700-ге жуық кішігірім кредит бұйырған, якорлық кооперация – 925 кішігірім кредитті еншілеген, жеке бизнесін кеңейтуге -2 мың кішігірім кредит берілген. Сонымен бірге ауылдарда қосымша 11 мыңнан астам жұмыс орындары құрылған. - Қалаларда 7 желтоқсандағы жағдай бойынша 13 млрд теңгеге 1200 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ 2 млрд теңгеге жуық 176 өтініш мақұлданды, - деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Отырыс барысында осы мәселеге қатысты қойылған сауалдарға да жауап берілді. Негізінен бұл бастама бойынша инвесторлар тарту мәселесімен «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ айналысады.
Партия хатшысы Тамара Дүйсенова осы ұйым арқылы кішігірім несиеге бөлінген қаражаттың дұрыс игерілмей жатқанын да атап өтті.
- "Даму" бойынша шағын несиеге байланысты 2018 жылы банктерге бөлінген 9,7 миллирд теңгенің 42 %-ы ғана игерілген. Ал бұл ақшалар екінші деңгейлі банктердің есепшоттарында жатыр, - деп атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша партия Хатшысы Тамара Дүйсенова барлық қатысушыларға Елбасы ұсынған бастамалар бойынша жұмыстарды жақсарту жайындағы ұсыныстары мен нәтижелі жұмысқа орналастыру бағдарламасы бойынша бағаларын беруді тапсырды. Елбасының халыққа үндеуіндегі бастамалардағы мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырудың жолдары нақтыланды.