2022 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша заң жобасын әзірлеу кезінде 1 трлн теңгеден астам шығындарға қолдау жасалмады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Юрий Ли заң жобасы бойынша материалды қарау кезінде кейбір әкімшілер бюджеттік бағдарламаларды Мемлекет басшысының тапсырмасымен және бағдарламалық құжаттармен байланысты емес себептермен нақтылап жатқанын айтты.
«Олардың бюджеттері нақтыланып жатқан барлық соманы жинақтасақ, онда қомақты қаражат шығып тұр. Мәселен, Индустрия министрлігі 800 млн теңгені ИННОПРОМ халықаралық көрмесіне қатысу үшін және ақпараттық-сараптаға әрі консультациялық қызметтерге қарастырып отыр. Ұлттық экономика министрлігі 394 млн теңгені қарастырып, оны әлеуметтік, талдамалық және консалтингтік қызметтерге жұмсамақ. Осындай мысалдар көп кездеседі», - деді депутат.
Осы орайда ол өнімсіз бюджет шығындарын қысқарту үшін қандай қадамдар жасалатынын сұрады.
Өз кезегінде Қаржы министрі Жамаубаев бюджетті қалыптастыру кезінде өнімсіз шығындарға тосқауыл қойылатынын айтты.
«Егер бюджетті қалыптастыру мен нақтылау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері 4 трлн теңгеге жуық қаражатты қамтыды. Алайда заң жобасын даярлау мен республикалық бюджеттік комиссияда талқылау кезінде 1 трлн теңгеден астамына қолдау жасалмады. Осы арқылы нақтылау кезінде 2,7 трлн теңге қосымша шығыстар қалып отыр», - деді министр.
Бұл ретте ол жүйелі іс-шараларға тоқталып, осы бағытта толықтай цифрландыру ескерілгенін атап өтті.
«Осыған байланысты арнай бағдарлама – мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі қызмет етіп жатыр. Яғни екі жылдан бері жұмысын жалғастыруда. Қазір біз оны жетілдіріп, басқа да мемлекеттік органдармен интеграциялап жатырмыз. Осы орайда бюджетті қалыптастырудың ашықтығын арттыруға, тиімсіз шығындарға жол бермеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Есеп комитетімен тиімсіз шығындарды анықтау бойынша арнайы әдістемені даярладық. Ол қазір Президент Әкімшілігінде келісуден өтіп жатыр», - деді Жамаубаев.