05 ақп, 2020 сағат 14:55

«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша аудандарда жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға болады - Сағынтаев

Алматыда Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов халықпен есепті кездесуін өткізді. Жиын барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарының өзекті сұрақтарын тыңдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аудан әкімі өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндай келіп, ең алдымен тұрғындарды толғандыратын инфрақұрылымдық мәселелерді шешу туралы айтты.

Таугүл-3 ықшамауданында инженерлік желілерді дамыту мақсатында 22 км су құбыры және 22,7 км кәріз жүйесі тартылды.

Ауданды жарықтандыру үшін Баян ауыл, Алтын бесік ықшамаудандарында, Алтынсарин, Абай даңғылдарының, Өтеген батыр, Сейітжанов көшелерінің бойына, №8 ықшамауданға ұзындығы 15 шақырым болатын 469 жарық көзі орнатылды. 1137 жарық нүктесі қойылатын Достық ықшамауданында жарықтандыру құрылысы аяқталып келеді.

Ауданда барлығы 966 аула бар. 4 жылдың ішінде 336 аула (38%) жөнделді, оның ішінде 96 аула өткен жылы жаңарды. 150 ауланы жөндеу бойынша ЖСҚ әзірленді.

Әуезов ауданының ықшамаудандары «бір ықшамаудан – бір мектеп – бір бала бақша – жаяу жүргінші аймағы» қағидаты бойынша жобаланған. Қазіргі кезде ықшамаудандар ішіндегі жаяу жүргінші аймақтары қараусыз қалған, сондықтан №8 ықшам аудандағыдай №10 ықшамауданда абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.

Аудан тұрғындарының скверлер мен парктердің жетіспейтіні туралы өтініштерін ескерген әкім бұл мәселені «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы шешуге болатынын айтты.

«Әуезов ауданының тұрғындары осы жоба бойынша бөлінген 500 млн теңгенің жартысынан азына ғана іске асатын идеяларды ұсынды. Өздеріңіздің тілектеріңізді ескере отырып, қоғамдық кеңістікті абаттандыру және жасылдандыру жөніндегі шешімдерді жүзеге асыруға, бос уақытты денсаулыққа пайдалы өткізуге болатын еді», — деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Айтар болсақ, былтыр ауданда Алтын бесік ықшамауданында, Райымбек, Саин, Абай даңғылдарының, Алтынсарин, Шаляпин, Төле би, Момышұлы, Ясауи көшелерінің бойына 4 мыңнан астам әртүрлі ағаш отырғызылды.