22 қар, 2021 сағат 14:35

Бюджетке 2 трлн теңге артық салық түсті – комитет


Өткен жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге артық салық түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

2021 жылғы қаңтар-қазан айларында мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бойыншажоспары 102,2%-ға орындалды (жоспар бойынша 8 118,7 млрд. теңге, 179,9 млрд. теңгеге асыра орындаумен 8 298,6 млрд. теңге түсті), өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,7%-ға немесе 1 948,5 млрд теңгеге өсті, оның ішінде: 

- Республикалық бюджет 100,4%-ға орындалды (жоспар бойынша 5 414,2 млрд.теңге, 23,9 млрд. теңгеге асыра орындаумен 5 438,1 млрд. теңге түсті), өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,1%-ға немесе 1 441,2 млрд. теңгеге өсті. 

- Жергілікті бюджет 105,8%-ға орындалды (жоспар бойынша 2 704,5 млрд.теңге, 156,0 млрд. теңгеге асыра орындаумен 2 860,5 млрд. теңге түсті) 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21,6%-ға немесе 507,3 млрд. теңгеге өсті. 

2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда республикалық бюджетке түсімдер өсімінің ең көп сомасы мұнайға салынатын экспорттық кедендік баждар бойынша 400,9 млрд теңгеге немесе 1,9 есе, корпоративті табыс салығы бойынша 481,2 млрд теңгеге немесе 48,5%-ға, ЕАЭО елдерінен импортқа қосылған құн салығы бойынша 194,2 млрд теңгеге немесе 36,9%-ға, 3-ші елдерден импортқа қосылған құн салығы бойынша 110,3 млрд теңгеге немесе 21,0%-ға және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша 107,0 млрд. теңгеге немесе 47,9%-ға байқалады. 

Түсімдердің өсуіне мынадай факторлар әсер етті. 

Ағымды жылғы 10 ай ішінде өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда негізгі экспорттық позицияларға бағаның өсуі байқалады, оның ішінде мұнайға 68,8%-ға, мысқа 56,0%-ға, алюминийге 46,4%-ға, мырышқа 34,5%-ға, күміске 29,2%-ға, қорғасынға 20,9%-ға және алтынға 2,7%-ға. Мұнайға салынатын әкету кедендік бажының мөлшерлемесі 64,0%-ға өсті (2020 жылдың 10 айында 1 тоннаға орташа мөлшерлемесі – 37,5$, 2021 жылдың 10 айында 1 тоннаға – 61,5$). 

Үшінші елдермен тауар айналымы 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында 10,0%-ға өсті (экспорт 21,9%-ға өсті, импорт 10,5%-ға төмендеді). 

2021 жылғы 9 айында өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 28,7%-ға өсті (63 917 млрд. теңгеден 82 293 млрд. теңгеге дейін). 

Көрсетілген кезең ішінде бір салық төлеушіге онлайн бақылау-касса машиналардан орташа түсімі 11,8%-ға өсті (33,4 млн. теңгеден 37,4 млн. теңгеге дейін).