Биылғы бес айда мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге кіріс түсті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы бес айда мемлекеттік бюджетке 6 трлн 554 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 107% орындалды. Республикалық бюджетке 4,4 трлн теңгеге жуық кіріс түсті, жоспардың орындалуы - 100,9%», - деді Қаржы министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, кірістер бойынша жоспар 41 млрд теңгеге, оның ішінде салық - 11 млрд теңгеге, салыққа жатпайтын кіріс – 29 млрд теңгеге асыра орындалған.
«Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына тиесілі болды. Жоспардың асыра орындалуы биылғы 4 айдағы жұмыстарды, қызметтерді және тауарларды өткізу бойынша айналым сомаларының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,4% ұлғаюына байланысты. Корпоративтік табыс салығы, импортқа қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалған жоқ», - деді Жамаубаев.