12 сәу, 2022 сағат 12:12

Бюджет қаражатын игермеген министрліктер аталды


Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатының көп көлемі игерілмеген министрліктерді атады. Олар - денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сыртқы істер және экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Үкімет отырысында Жамаубаев республикалық бюджет бойынша төрт триллион теңгеге жуық шығын жұмсалғанын айтты.

"Орындалмаған қаржы 20 миллиард теңге, оның 5 миллиард теңгесі - үнемдеу. 15 миллиард теңге игерілмеді. Қаржы игерілмеудің ең көп көлемі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сыртқы істер, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде", - деді ол.

Министрдің айтуынша, бюджетті игермеудің негізгі себептері: шарттар жасасудың ұзақ мерзімді рәсімдері, төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шоттарды кеш ұсыну, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы.