12 қаң, 2021 сағат 08:56

Былтыр салық түсімі 2,4 трлн теңгеге аз болды – Қаржы министрі

2020 жылы салық түсімдерінің төмендеуі 2,4 трлн теңгеге бағаланады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы пандемияға байланысты 2020 жылы салық түсімдерінің төмендеуі 2,4 трлн теңгеге бағаланады. Бұл ретте, есепті кезеңде негізінен салықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мен цифрландырудың есебінен 710 млрд теңге қосымша түсімдер қамтамасыз етілді. Астана-1 ақпараттық жүйесі енгізілгеннен бастап, кедендік декларациялар 100 пайыз қашықтан ұсынылады. Егер бұрын біз өнім берушілер мен сатып алушылар арасындағы мәмілелерді тек есепті кезең аяқталғаннан кейін, яғни жарты жылдан кейін ғана көретін болсақ, қазір Электрондық шот-фактуралар есебінен онлайн режимде көре аламыз», - деді Қаржы министрі. 

Оның айтуынша, нәтижесінде камералдық бақылау тиімділігінің 1,5 есе өсуі қамтамасыз етілді. Субъектілерге тексеріспен шықпай-ақ, олар өздері бюджетке 490 млрд теңге төледі. 2020 жылдан бастап онлайн бақылау-касса машиналарын қолдануға жаппай көшу жүргізілді. Қазіргі уақытта онлайн бақылау-касса машиналарының үлесі 97 пайызға жетті. 

«Биыл цифрландыруды кеңейту бойынша шаралар қабылдау жалғасатын болады. Оның ішінде қосылған құн салығын төлеудің дұрыстығын онлайн әкімшілендіру үшін блокчейн технологиясын енгізу, ірі салық төлеушілердің «горизонталды мониторингін» жетілдіру, салықтан жалтарудың трансұлттық схемаларын анықтау үшін Экономикалық ынтымақтастықты дамыту ұйымымен және халықаралық ұйымдармен мәліметтер алмасу жоспарлануда», - деді министр.