04 мам, 2022 сағат 11:58

Былтыр қазақстандықтар цифрлық құжаттарды 32 млн рет пайдаланған


Былтыр қазақстандықтар цифрлық құжаттарды 32 млн рет пайдаланған. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есеге жуық көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин Мәжілістің жалпы отырысында айтты. 

«Былтыр ел тұрғындары цифрлық құжаттарды 32 млн рет пайдаланса, 2020 жылы небары 3,6 млн рет қолданылған. Заң жобасында электрондық құжаттарды қағаз түріндегі баламасымен тең дәрежелі етіп заңдастыру, электрондық құжаттарды толыққанды қолдануға кедергі келтіретін заңдардағы қайшылықтар мен әртүрлі оқылымдарды алып тастау және цифрлық құжаттардың қолданылу аясын кеңейту көзделген», - деді Бағдат Мусин. 

Оның мәліметінше, заң жобасында туу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер сияқты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттарды электрондық форматқа ауыстыру қарастырылған.

«Бұл азаматтар үшін ыңғайлы болмақ, өйткені мекемелерге бару міндетінен босатылады, азамат кез келген уақытта құжатты басып шығара алады немесе QR-коды бар электрондық нұсқасын ұсынады. Оның үстіне, құжатты жоғалтып алса, телнұсқа жасату қажет емес. Азамат өзі қаласа немесе шетелге кеткен жағдайда құжатты қағазға басып шығара алатын болады», - деді министр.