2019 жылы еліміздің көмір өндіруші компаниялар 111,1 млн тонна көмір өндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
«Энергия өндіруші кәсіпорындарға 57,2 млн тонна көмір жөнелтілсе, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 6,3 млн тонна көмір жеткізілді. Ал, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 11,4 млн тонна көмір жөнелтілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 92%-ды құрайды.
Көмір экспорты шамамен 28 млн тоннаны немесе 2018 жылмен салыстырғанда 96% болған. Көмірдің ең үлкен көлемі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Украина және Түркияға жөнелтілді», делінген хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, Қазақстанда көмір өнеркәсібінің барлық негізгі сегменттері ұсынылған, алайда энергетикалық көмірді өндіру мен пайдалану ерекше дамыған.
«Көмір өнеркәсібі экономиканың ірі салаларының бірі. Ол электр қуатын өндірудің шамамен 70 пайызын, кокс-химия өндірісінің толық тиелуін қамтамасыз етеді, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. Қазақстандағы көмір қоры 34 млрд тоннаны немесе әлемдік қордың 4% - ын құрайды. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемдегі он көшбасшы елдердің қатарына кіреді», делінген хабарламада.
Ведомтвоның хабарлауынша, көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында 2019 жылы «Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілді, сондай-ақ «2019-2020 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа арналған көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары» жасалған.
«Көмір химиясын дамыту, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімдерді алу үшін көмірді терең кешенді қайта өңдеу мәселелері басты назарға алынды. Заманауи технологиялар көмірден өңделген өнімнің 5 мыңнан астам түрін өндіруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында ферроқорытпалар, металл кремний, құрылыс материалдары, техникалық көміртегі, көміртегі сорбенттері және т.б. бар. Бұл отандық бизнес саласын дамыту үшін үлкен мүмкіндік.
Көмір энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарға тікелей шарт бойынша көмір разрездерінің жөнелтілу бағасымен жіберіледі. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар және халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржалары арқылы сатылады», делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен тұрғындарға арналған көмірдің бағасы көмір разрезінің жөнелту бағасынан (әзірлеу жағдайына байланысты тоннасына 3-6 мың теңге шамасында), тасымалдауға кеткен темір жол тарифінен, көмірдің биржалық құнынан, сондай-ақ халыққа жеткізетін делдал ұйымдардың және жеке тұлғалардың маржасынан қалыптасады.