01 нау, 2022 сағат 23:12

БҰҰ: Украинада соғыс басталғалы кемі 163 бейбіт тұрғын опат болды


БҰҰ есебінше, Украинада 24 ақпанда басталған соғыстан кемі 163 бейбіт тұрғын қаза тапқан, опат болғандар арасында 13 бала бар. Бұл туралы БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссарының өкілі Элизабет Тросселге сілтеме жасап, Reuters агенттігі хабарлады.

Тросселдің сөзінше, кемі 400 адам жараланған, олардың ішінде 26 бала бар.

"Шынайы адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін" деді ол брифингте.

БҰҰ өкілі бейбіт тұрғындардың көбі әуеден жасалған шабуылдан және артиллериялық атқылаудан опат болып жатыр дейді.

Украина денсаулық сақтау министрі Виктор Ляшко 28 ақпанда 352 адамның қаза болғанын, олардың арасында 16 бала барын мәлімдеген. Ляшконың сөзінше, 2040 бейбіт тұрғын жараланған, арасында 45 бала бар.

24 ақпанда Ресей президенті Путинның бұйрығымен осы елдің әскерилері Украинаға басып кірген. Кремль мұны Украинаны "қарусыздандыру" және "ұлтшылдардан тазарту" үшін жасалған "арнайы операция" деп келеді. Ресей билігі бейбіт тұрғындарға оқ атпадық, тек әскери нысандарды ғана нысанаға алдық деген, бірақ қазірге дейін Киев, Харьков, Херсон және бірнеше қала шабуылға ұшырап, тұрғын үйлер қираған.

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей Украинаға басып кіргенін соң "әскери және адамзатқа қарсы қылмыс" деген айыппен тергеу бастады.

АҚШ, ЕО және Батыс елдері Ресейге қатал санкциялар салған соң рубль құлдырап кетті.

Азаттық