14 қар, 2021 сағат 09:10

БҰҰ-ның климат мәселесіне арналған конференциясында ғаламдық келісім қабылданды


Глазгода өткен БҰҰ-ның климат мәселесіне арналған конференциясында жаңа ғаламдық келісім қабылдандыҚұжаттың мақсаты – 2030 жылға қарай мемлекеттерді ауаға зиянды қалдықтарды мейлінше азырақ шығаруға міндеттеу және индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда ғаламдық жылыну температурасын Цельсий бойынша 1,5 градустан асырмай ұстап тұру. 

Ақпарат құралдары қорытынды келісімнің әу баста жоспарланған нұсқаға қарағанда "жұмсарғанына" назар аударды. Мысалы, Үндістан құжаттағы көмір пайдалануды тоқтату туралы бөлікке қарсы болып, түзетуді сұраған. Ақыры көмір пайдалануды біртіндеп азайту туралы шешім қабылданған. 

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш климат жөніндегі келісіммен ғана шектеліп қалуға болмайтынын айтып, конференцияның міндеті қатысушы елдердің мүддесі мен қайшылықтарын ескеруге мүмкіндік беретін ортақ мәміле қабылдау екенін мойындаған. 

БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясы Шотландияда 31 қазанда басталған. Оған әлемнің 200 елінен 30 мың адам қатысқан. Алғашқы күндері шараға АҚШ президенті Джо Байден, Франция басшысы Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон және өзге ел басшылары қатысқан. 

Оған Ресей президенті Владимир Путин қатысқан жоқ. Байден әлем елдерімен бірге Ресей де климат мәселесіне кезігіп отыр, бірақ онымен күреске қажетті дәрежеде үлес қосып отырған жоқ деп Путиннің саммитке қатынасын сынады. 

Глазгодағы саммит кезінде бірнеше манифестация өтті. Оған швед экобелсендісі Грета Тунберг қатысты. Ол дамыған елдердің басшыларын климаттың өзгеруімен шын ниетпен күреспей отыр деп айыптады. Тунберг парник газын азайту бойынша радикалды шаралар қабылдауға үндеді.