Қазақстанның уәкілетті органдары жетекшілері Израиль мен Эстонияның халықаралық сарапшылары және БҰҰ-ның жетекші мамандарымен бірлесіп, электрондық үкіметті дамытудағы заманауи инновациялық шешімдерді талқылады. Халықаралық конференцияға Еуропа, Азия және Американың 20 елінен мемлекеттік органдар мен электрондық үкіметті дамыту саласындағы және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ университеттердің 100-ден астам өкілдері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин конференцияны аша отырып: «Пандемия мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді ұсынудың дәстүрлі тәсілдерінің әлсіз жақтарын айқындап қана қоймай, көптеген сын-қатерлерге жауап беруде цифрлық технологиялар маңыздылығын көрсетті» - деп атап өтті. «БҰҰ зерттеу нәтижелері цифрлық трансформация жолында мемлекеттер айтарлықтай ілгерілуге қол жеткізгенін және алға қадам жасағанын көрсетеді. Covid-19 пандемиясы жаһандық өршуі ауқымында мемлекеттер арасындағы өзара тиімді әрекеттесу ерекше мәнге ие» - деді.
Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Байменов: «Covid-19 пандемиясы сенімнің әлеуметтік құндылық қана емес, кез келген стратегияны, оның ішінде электрондық үкімет стратегиясын іске асырға ауадай қажет тиімді әкімшілік капитал ретіндегі маңыздылығын көрсетті», - деп атап өтті. «Сонымен бірге, жаңа технологияларды қолдануда кез келген асыра сілтеушілікке жол берілмей, шешім қабылдауда ашықтық және жариялылық қатар жүруі керек. Тәжірибе алмасу заманауи технологияларды қолдануға да, жаңа жағдайда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға да қатысты болуы аса маңызды», – деді.
Ал БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (UN DESA) Электронды үкімет басқарма жетекшісі Винченцо Акуароның айтуынша, мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге деген сұраныс соңғы айларда күрт өскен. Оның сөзіне қарағанда, пандемия үкіметтер мен қоғамдарды дағдарысқа қысқа мерзімде жауап беру, орта мерзімде оның салдарын жою, сондай-ақ ұзақ мерзімде стратегиялық шешімдер мен құралдарды әзірлеу үшін цифрлық технологияларға жүгінуге мәжбүр етті. «Бізге осы серпілісті әрі қарай күшейтіп, цифрлы прогрессті одан сайын ілгерілетіп, цифрлық алшақтықты еңсеру қажеттігін естен шығармай, елдің ішінде де, мемлекеттер арасында да ешкімді назардан тыс қалдырмауымыз керек» - деді Акуаро.
UN DESA сарапшысы Арпине Корекян өз баяндамасында БҰҰ-ның 2020-шы жыл бойынша электрондық үкімет даму деңгейіне қатысты зерттеудің шешуші нәтижелері мен трендтерін таныстырды. Соған сәйкес, БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет арасында 126-ға жуық мемлекетте электрондық үкіметтің даму деңгейі жоғары және өте жоғары деп анықталған, Дания, Оңтүстік Корея және Эстония көш бастап тұр. ТМД елдері арасында Қазақстан үкіметтің ашық деректері, онлайн-қызметтер даму деңгейі индексі және теңізге шыға алмайтын елдер арасындағы индекс бойынша алдыңғы орынға шыққан.
Израиль Ұлттық цифрлық министрлігі Мемлекеттік АКТ басқармасы Бас атқарушы директоры м.а. Шахар Браха, БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты өңіріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы АКТ және апаттар қаупін азайту жөніндегі департаменті директоры Тициана Бонапаче, Эстония Электрондық басқару академиясы Атқарушы директоры және Басқарма төрағасы Ханнес Асток COVID-19 пандемиясы кезінде мемлекеттік қызметтерді тиімді ұсыну бойынша озық тәжірибелерімен, сондай-ақ бірегей инновациялық шешімдерімен бөлісті.
Айта кетейік, «БҰҰ-ның электрондық үкімет жөніндегі зерттеуі аясындағы өңір елдерінде электрондық үкіметтің дамуындағы жетістіктер мен сын-тегеуріндер» атты онлайн-конференцияны Астана мемлекеттік қызмет хабы, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті, «Зерде» холдингі бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция барысында қатысушылар өзара әрекеттесу келешегі және осы мәселе бойынша жаһандық және өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін талқылады.