Қазақстан соғыс қимылдары салдарынан Украинаға келтірілген шығынды өтеу туралы қарарға дауыс беруден қалыс қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Резолюцияны БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдады, оны 94 мемлекет қолдап, 14 мемлекет қарсы болды, ал 73 мемлекет қалыс қалды, қалыс қалғандардың ішінде Қазақстан да бар.
Құжатта халықаралық механизм құру қарастырылған, сонымен қатар, Ресей Федерациясының халықаралық құқықты бұзған әрекеттері салдарынан барлық мүдделі тұлғаға, сондай-ақ, Украина мемлекетіне келтірілген залалдың дәлелдерін тіркеу үшін халықаралық тізілім құру ұсынылады. Авторлардың айтуынша, Ресей Федерациясы жауапқа тартылуы керек.
Еске салайық, осыған ұқсас резолюцияны БҰҰ Бас Ассамблеясы наурызда қабылдаған еді. Сол кезде де Қазақстан дауыс беруден қалыс қалды.