01 қаз, 2019 сағат 09:10

БҰҰ: Адам саудасы мен заңсыз миграцияның артында ақшаға құныққан қылмыстық топтар тұр

БҰҰ есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтық үйлестірушісі Данило Камписи адам саудасы мен заңсыз миграцияның салдары, оған қарсы тұру маңызы туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адам саудасы мен заңсыз миграция мәселелері өте өзекті. Бүкіл әлемде табыс көзі мақсатында миллиондаған жан адам саудасы құрбанына айналып, заңсыз миграцияны басынан өткізеді. Адам саудасына қатысты өте қатерлі істердің ұшығы ұйымдасқан қылмыстық топтарға барып тіреледі. Қылмыстық топтар адамдарды сексуалды эксплуатация немесе күштеп жұмысқа тарту үшін пайдаланады. Жалпы, Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне сүйенсек, заңсыз миграция жүйесінде әлем бойынша 5-7 млрд АҚШ доллары айналымда. Демек, мұндай трансұлттық қылмыстардың түбінде заңсыз табыс жатқанын көріп отырмыз», - деді ол елордада өтіп жатқан өңірлік семинарда.

БҰҰ ЕҚБ өкілінің айтуынша, әлем мемлекеттерінің қаржылық барлау қызметтері мұндай қылмыстардың алдын алу, жолын кесу ісімен айналыспайды.

«Сол себепті, Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан бұл шараға ҚР Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясының өкілдерінің қатысып отырғанына қуаныштымыз. Яғни, Орталық Азия мемлекеттері бұл мәселеге бей-жай қарап отырған жоқ. Мұндай ауыр қылмыстардың жолын кесу үшін бізге халықаралық ынтымақтастық керек», - деді Данило Камписи.

Айта кетсек, алдағы екі күнде Нұр-Сұлтан қаласында құқық қорғау органдарының академиясы БҰҰ ЕҚБ-мен бірлесіп «Адам саудасы мен заңсыз миграция айналымындағы заңсыз қаржы ағынының жолын кесу мақсаты бойынша халықаралық және өңірлік ынтымақтастық» тақырыбында өңірлік семинар өткізіп жатыр. Семинарға Ауғанстан, Иран, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан прокуратура органдарының және қаржы барлау бөлімшелерінің өкілдері қатысып жатыр. Сонымен қатар, жиында спикерлер ретінде БҰҰ ЕҚБ халықаралық сарапшылары, сондай-ақ құқық қорғау органдары академиясының сарапшылары сөз сөйлейді.

ҚР Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясының мәліметіне сүйенсек, бүкіл әлем бойынша шамамен 40 млн адам құлдықта. Қазақстан жаһандық құлдық индексінен 2017 жылы 167 елдің арасынан 83 орыннан көрінген.