Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары, Сарань қаласының бұрынғы әкімі Анатолий Шкарупа.
Қазақстан энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаның үстінен қозғалған қылмыстық іс 6 қарашада Қарағанды облысындағы Сарань қаласы сотына түсті. Шкарупаға Қылмыстық кодекстің "Сенiп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша айып тағылып отыр. Онымен бірге тағы екі адамға - бұрын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры басқармасының төрағасы міндетін атқарған Қайсар Байдалы мен ENERCO компаниясының директоры Ерлан Набиевке де айып тағылған.
Тергеу болжамы бойынша, Анатолий Шкарупа Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған тұста орталық жылу желісі мен қазандығы жоқ қаладағы тұрғын үйлерге "жылу есептеуге арналған аспаптарды сатып алу және орнату үшін" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына бюджеттен бөлінген ақша қолды болған. Тергеушілер аталған қор ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған деп санайды.
Адвокатының айтуынша, 44 жастағы Анатолий Шкарупа өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Оның адвокаттары қылмыстық істің сотта қаралуын анықтау мәселесі бойынша барлық тараптың қатысуымен алдын ала тыңдау тағайындауын сұрап 6 қарашада Сарань сотына өтініш берген. Қорғаушылар істің Нұр-Сұлтанда қаралғанын қалайды.
- Тергеу бастауға ешқандай негіз болған жоқ. Жылу есептеуге арналған аспаптар сол кезде де, қазір де тиісті жерде – Сарань қаласындағы көппәтерлі үйлерде тұр. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, барлығы өз орнында тұр. Егер тараптардың барлығы өз міндеттемелерін жеткілікті шамада орындаса, ал ішінара орындалмауына атқарушы емес, қазандық салмаған үшінші тарап кінәлі болса, қандай ұрлық туралы айтуға болады? Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйлерге жылу есептейтін аспаптар ел президентінің тапсырмасымен орнатылды. Шкарупа мемлекет шенеунігі ретінде ондай заң актілерін орындауға міндетті болатын. Мұндай жылу есептейтін аспаптар орнату қылмысқа жатпайды, – деді Шкарупаның адвокаты Нұрлан Бейсекеев.
2018 жылы қазанда Қазақстан энергетика министрінің орынбасары болып тағайындалған Анатолий Шкарупа сол жылғы қарашада тұтқындалған. Шкарупаға дейін осы қызметті атқарған Бақытжан Жақсалиев 2018 жылы шілдеде Ақмола облысы аумағындағы шипажайда көлді тазарту жобасында болған ықтимал сыбайлас жемқорлықты тергеу аясында күдікті ретінде үйқамаққа алынған. Былтыр 7 қарашада Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаров Анатолий Шкарупаның Сарань әкімі болған кезде "бюджеттен 215 миллион теңгені жымқыруға қатысы бар" деп мәлімдеген. Шкарупа 2014 жылдан 2017 жылғы мамырға дейін Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған. Кейін Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғы үй-коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар мәселелері бойынша орынбасары болып істеген.