23 қыр, 2021 сағат 17:51

Бұрынғы вице-министр Руслан Еңсебаевқа қатысты сот үкімі шықты


Нұр-Сұлтан қаласының №2 Есіл аудандық сотында бұрынғы қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осы қылмыстық іс бойынша А.А.Ескендіров, Ж.У.Байбосынов пен Д.Е.Бұхарбай да сотталды.

Сот материалдарына сәйкес, Еңсебаев Байбосынов пен Бұхарбайдан қаржы министрлігінің цифрландыру жобаларын ақпараттық сүйемелдеу бойынша қызмет көрсетуді сатып алу конкурсында "Аль-Фараби Partners" ЖШС-нің жеңіп шығуы үшін 1,2 миллион теңге пара алған.

Ал ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ақпарат комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Ескендіров қосалқы мердігерлік жұмысты орындау бойынша "Астана қаласының телеарнасы" ЖШС мен "Аль-Фараби Partners" ЖШС-нің арасында келісімшартты рәсімдеу кезінде қажеті құжаттарға қол қоюды жеделдету мен қамқорлық жасағаны үшін 2,3 миллион теңге пара алғаны үшін айыпталды. Ол ақшаны да Байбосынов пен Бұхарбай берген.

"Сотталушылар кінәсі куәлардың айғақтарымен және банк шоттары көшірмелерімен дәлелденді.

Еңсебаев пен Ескендіров пара алғаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі). Байбосынов пен Бұхарбай адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет пара бергені үшін кінәлі деп танылды (ҚК-тің 367-бабының 3-бөлігінің 1),3) тар.)", - делінген хабарламада.

Жаза бойынша соттың шешімі

Пара бергендігі үшін Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.  

"Сот қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қабылданған анттың бұзылуын таныды, сондықтан Еңсебаев пен Ескендіровке 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды әділ деп санады.

Заң бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бірнеше рет пара беруі аса қатаң жаза – 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. 

Сот Байбосыновқа қатысты жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуын таныды. Бұхарбайға қатысты жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Осыған байланысты, Байбосынов пен Бұхарбайға заңмен қарастырылған жазаның ең төмен мерзімі – 7 жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды.

Сотталушылар үкімнің жариялануынан кейін қамауға алынды" деді елорда соты.

Барлық сотталушылар мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.