ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты іс қай сатыда жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта бұрынғы Қорғаныс министрі М. Бектановты айыптау туралы қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», - деді Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 9 қаңтарда Мұрат Бектанов лауазымынан босатылған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрді командирлік қабілетін көрсете алмағаны үшін сынаған болатын.
2022 жылғы 19 ақпанда ҚР Бас прокуратурасы бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын.
Осы бапқа сәйкес, әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.