Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Экс-қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты BaigeNews.kz агенттігіне хабарлады.
"М. Бектанов Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 24.02.2023 жылғы үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі бойынша сотталды, оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық - атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - деп хабарлады сот.
Сот істің "құпия" қаралғанын айтып, толық ақпарат бермеген.
Естеріңізге сала кетейік, қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшысына қатысты тергеу 2022 жылдың 19 ақпанында "қызметтегі әрекетсіздік фактісі бойынша" басталды. Бұған дейін оны Президент қаңтар оқиғасы кезіндегі әрекетсіздігі үшін сынға алған болатын. Бас прокурор Берік Асылов экс-қорғаныс министрінің "заңсыз бұйрықтар беріп, әскери стратегиялық нысандарды қорғаусыз қалдырғанын" және "әскери жағдайда өз билігін асыра пайдаланғанын" айтты.