Қытайдан келген блогер-журналистер Бурабай курорттық аймағына саяхат жасады. Бұл туралы Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы хабарлады.
Ақмола облысының туристік ақпарат орталығы Chinese Friendly Kazakhstan компаниясымен және «Бурабай Даму» ЖШС-мен бірлесе блогер-журналистерге арналған блог-тур ұйымдастырды.
Chinese Friendly Kazakhstan компаниясы қызметінің негізгі міндеттері - Қазақстанның туристік нысандарын ҚХР нарығында ілгерілету, таныстыру, насихаттау, сыртқы туризмді дамыту. Осыған сай жуырда Астана мен Алматы қааларының аумағында travel блогер-журналистердің қатысуымен блог-тур ұйымдастырылды. Бұл турға Қытайдан танымал 4 блогер-журналист қатысты. Олардың оқырмандар аудиториясы шамамен 70 миллион адамды құрайды.
Блогерлерге Бурабайдың әсем табиғаты көрсетілді. Олар, сондай-ақ, қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрімен танысты. Турдың алғашқы күні олар «Қазақстандағы Лапландия» атаулы паркін тамашалап, Жұмбақтасқа сапар шекті.
Екінші күнгі жоспарға жаңа республикаллық шаңғы базасына және Абылай хан алаңына бару енген. Жол бойында блогерлер фотоға түсіп, әсем табиғаттан алған әсерлерін оқырмандарымен бөлісуге мүмкіндік алды. Кейін барлық суреттер, мақалалар олардың әлеуметтік желідегі барлық аккаунттарында жарияланбақ.