Таяуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Жастар жылына орай, Ақмола облысы әкімінің тікелей қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы мен облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы, «Қазақстан — Көкше» РТРК АҚ Ақмола облыстық филиалымен «Бурабай даму» ЖШС-і бірлесе отырып, «Бурабай» визит орталығында «Бурабай толқындары» атты эстрада әндерін орындаушылардың ІІ телевизиялық байқау-фестивалі өтті.
Эстрада әндерін орындаушылардың байқау-фестивалінің басты мақсаты – жаңа талант иелерін анықтау және қолдау көрсету, жастардың шығармашылықтарын дамыту, музыкалық өнерді дәріптеу, көпшілікке тарату, сонымен қатар «Бурабай» курортының туристік әлеуметін дамытуға ықпал ету. Байқау-фестивальге Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан 30-дан аса эстрада әндерін орындаушылары қатысқаны қуантты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» – демекші, өнер бәйгесінде озып шыққан 12 үміткер қорытынды концертте өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Барлық эстрадалық жас орындаушылардың шырқаған әндері тыңдарман жүрегінен орын алды. Әсіресе, «Они знакомы давно» әнімен Еламан Маженов (Целиноград ауданы), «Өмір заңы» әнімен көкшетаулық Шахма Әуелбек, «Love» әнімен Мұратбек Ілияс (Аршалы ауданы), «Желкілдек» әнімен Фариза Жоламанова, «Кешіре алмадым» әнімен Махмутов Нұрахмет (Қостанай облысы), «На меншее я не согласен» әнімен Руслан Жұмабаев (Павлодар облысы), «Confesso» әнімен Бекзат Жұмаенов (Атбасар ауданы), «Саған ғашықпын» әнімен Мейіржан Қуандықов (Бурабай ауданы) көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Бурабай толқындары» байқау фестивалінің қадірменді қонақтары, қазылар алқасының мүшелері: республикалық «Жас қанат» және халықаралық «Шабыт» байқауларының жеңімпазы Арайлым Баярлина, әнші, актер Дастан Оразбеков елге кеңінен таралған әндерін көрермендерге тарту етіп кештің ажарын аша түсті.
Аталмыш іс-шараның бағдарламасына сәйкес «Бурабай – Қазақстанның інжу-маржаны» экскурсиясы ұйымдастырылып, қатысушылар «Жайлау» этносаябағын тамашалап, «Бөлектау» тауына көтерілді.
Байқау соңында мәдениет саласының үздігі қазылар алқасының төрайымы Асылтас Тасымова «Бурабай толқындары» эстрада әндерін орындаушылардың ІІ телевизиялық байқау-фестивалінің жоғары деңгейде өткендігін айта келе, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Қазылар алқасының шешімімен «Бурабай толқындары» эстрада әндерін орындаушылардың ІІ телевизиялық байқау-фестивалінің жеңімпазы Фариза Жоламанова (Қостанай облысы) деп танылып, Ақмола облысы әкімінің арнайы жүлдесі – кәсіби студияда ән жаздыру үшін сертификатпен марапатталды. Үздік өнер көрсеткені үшін «Жас толқын» номинациясымен және бағалы сыйлықпен Еламан Маженов (Целиноград ауданы) марапатталды. Байқауға қатысушылардың барлығына Ақмола облысы әкімінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жанар АХМЕТЖАРОВА,
Ақмола облыстық халық шығармашылығы
орталығының маманы.