11 қаң, 2023 сағат 21:54

Бурабайдағы балалар лагерінде жасөспірім көз жұмды

Сурет ашық дереккөзден алынды

Полиция Ақмола облысының Бурабай ауданындағы оқу-сауықтыру орталығында жасөспірімнің өлімін тергеп жатыр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, баланың онкологиялық ауруы болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

11 қаңтарда таңғы сағат 7 шамасында Бурабай ауданының полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшерінен 2008 жылы туған кәмелетке толмаған баланың балалар оқу - сауықтыру орталықтарының бірінде қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті.

14 жасар бала Ақтөбе облысынан Бурабай лагеріне 9 қаңтарда келген.

"11 қаңтарға қараған түні жасөспірім іші ауыратынын айтып шағымданған. Сырқаты күшейіп, таңғы сағат 05.00 шамасында лагердің медициналық бөліміне жүгінген. Жедел жәрдем шақырылған, алайда бала фельдшерлер келгенге дейін қайтыс болды", - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Баланы тексеру кезінде зорлық-зомбылық белгілері табылған жоқ.

Жасөспірімнің қайтыс болу фактісі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді, тиісті сараптамалар тағайындалды.

"11 қаңтарда қайтыс болған жасөспірімнің өліміне анемия себеп болғаны анықталды. Негізі бала кіші жамбастың қатерлі ісігіне шалдыққан. Метастаза денеге тарап кеткен", - деп толықтырды ведомство.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын Зерендідегі тау-шаңғы базасында 16 жастағы бозбала көз жұмды. Астанадан ата-анасымен демалуға келген бала шаңғы теуіп жүріп, ағашқа соғылған.