«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2019 жылдың 13-ауысымы «Атаның сөзі-ақылдың көзі» атты жас тарихшылар мен географтардың Республикалық кездесуіне жиналған 8 «А» сынып оқушыларымен қазанның 10-ы күні Бурабай аулының тарихи мұражайында «Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты» тақырыбында Қазақстан тарихы пәнінен ашық сабақ өткізілді.
Мұражайда өтілген сабақтың негізгі мақсаты – рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, Отанына деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру.
Оқушылардың дүниеге көзқарасын қалыптастыруда тарих сабағының маңызы зор екені белгілі. Өйткені, тарих адамзаттың басынан өткізген тарихи – мәдени тәжірибесін, алдымен құндылықтарын оқытып үйретуді мақсат етеді. Соған байланысты, мұражайда өтілген ашық сабақта оқушылар Әбілмансұрдың жастық шағы, хандық қалыптасуы мен батырлығы бойынша қосымша ақпараттармен танысып қана қоймай, Абылай ханның ұрпақтары, соның ішінде Кенесары Қасымұлы сауытының реконструкциясын тамашалауға да мүмкіндік алды. Дәріс нәтижесінде білім алушылар Бурабай мұражайындағы сақталған құжаттар, түрлі жәдігерлер, фотосуреттер, құнды деректерді сөйлету арқылы атақты қоғам қайраткерінің қазақ хандығының түрлі салаларындағы ерен еңбектерімен танысып, рухани азық алып қайтты.
Мұражай қызметкерлері еліміздің 17 облысынан келген балаларға Бурабай өлкесінің атақты адамдарының өмірлері туралы баяндап, экскурсия соңында «Балдәуренге естелік» ретінде Абылай ханның шежіресін сыйға тартты. Балдәурендіктер Абылай ханның Ресей империясының әкімшілігімен хат алысуы мен түрлі тарихи құжаттарды, Фон Фрауендорф, Левшин, Неплюев сынды атақты орыс зиялыларының Абылай хан туралы жазған естеліктерін оқып, таң-тамаша болды.
Жол бойы оқушылар «ХҮІІІ ғ Қазақ хандығы» бөлмесінен көрген-түйгендерін, алған әсерлерін талқыға салып, «Абылай хан» тақырыбы бойынша өз білімдерімен бөлісті.
Білім беру саласында мұражай сабақтары үлкен орын алатыны даусыз. Оқушылар мұражайлық жұмыс әдістерімен танысып, өздері үшін көптеген жаңалықтар ашты. «Жүз рет естігеннен гөрі бір рет көрген жақсы» демекші, оқушылар тарих қойнауына үңіліп, өздері үшін керемет әсер алды.
Исмагамбетов Мади Каиртасович,
«Балдәурен» РОСО тарих пәнінің мұғалімі