22 ақп, 2022 сағат 14:27

Бұлтартпау шарасының өзгеруі тағылған айыптың алынғанын білдірмейді – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл


Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қаңтар оқиғасына байланысты неше адамның қамауда отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 қаңтардағы жағдай бойынша Бас прокуратура 1000-нан астам адамның қамауда отырғаны туралы айтқан болатын. 19 ақпандағы жағдай бойынша 724 азамат қамауда отыр. Ұсталғандардың саны қамау шараларын ешқайда кетпеу туралы қолхат, үйқамақ, кәмелетке толмағандардың туыстарының кепілгерлігі сияқты бостандықты шектеумен байланысы жоқ балама шаралармен ауыстырудың арқасында азайды. Бірақ әзірге бұл азаматтарға тағылған айып алынбағанын түсіну керек. Сотта қаралуы қажет», - Эльвира Әзімова. 

Сондай-ақ, өз атына осы мәселе бойынша азаматтардан 80-нен астам шағым келіп түскенін айтты.

«Оның жартысы ұстау кезінде және ұсталғаннан кейінгі 48 сағаттың ішінде қатыгездікпен күш қолдану және тергеудің заңға қайшы тәсілдері бойынша түскен. Ұсталған азаматтардан түскен шағымның бәрін біз тексеру жүргізіп, қылмыстық іс қозғату үшін Бас прокуратураға жібереміз. Біз ұсталғандармен, олардың туыстарымен кездесіп, сол кездесулер қорытындысы бойынша прокуратураның, облыс және қала әкімдігінің өкілдерімен келіссөз жүргіземіз», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.