Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының өкілеттіктерін республиканың қазіргі басшысына беру туралы шешім қабылдады. Н.Назарбаев партияны ел Президенті басқаруы керектігін қадап айтты.
Лауазымды тапсыру Nur Otan партиясының уставына сәйкес іске асады.
Саясаткерлер мен сарапшылар билеуші партияның төрағалығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30-жылдығы қарсаңында келуінің символикалық мән-мағынасы зор екенін айтып, осылай еліміздің дамуының келесі кезеңінің диалектикасы қалыптасуда деп пікір білдіруде.
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағиданы ұсынды.
«Бұл отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар» - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Олар:
* Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.
* Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.
* Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
* Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.
* Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.
* Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.
* Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.
«Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған. Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық. Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз», - деген Елбасы өзінің «өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барын салғанын» айтады. «Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Аталмыш тұжырымдаманың ұлттық ауқымы өте кең және бұл Тәуелсіздіктің мызғымас құндылықтарын қамтитын іргелі құжат деуге де болады.
Сөз соңында Елбасы Қазақстан халқын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, былай деп өсиет айтты:
“Ардақты ағайын!
Алдағы 30 жыл – елдігімізді нығайтудың жаңа кезеңі болары хақ.
Ол әр азамат ұлтымыздың болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны толық сезіне білген кезде жүзеге асады.
Елдің ең ірі саяси партиясы ретінде «Nur Otan» осы бағытта атқарылар істердің алдыңғы шебінде болуы керек.
Осындай игі жұмыстың басы-қасында жүру – билеуші партияның ұзақмерзімді көшбасшылығының кепілі.
Ендігі кезекте осы мерейлі күнге жеткізген, ырысымызды арттырған Жаратқанға шүкіршілік етіп, ертеңге сенімді қадам басу қажет.
Рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жету үшін және Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай жұмыс істеуге тиіспіз!
Біз кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіске бірге жетеміз!
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық белесі құтты болсын!”
Асхат Садырбай, журналист