Елорданың зиялы қауымы тағы бір айтулы мәдени шара – «Eurasian Book Fair-2016» атты Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне куә болмақ.
Мұндай ауқымды да айтулы кітап көрме-жәрмеңкесі Астана тарихында тұңғыш рет өткізілгелі отырғанын ескеріп, осы мәдени шараның негізгі ұйымдастыру жұмыстарын мойнына алған «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан ИСАБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Нұрлан Сәрсенбіұлы, осындай жоғары деңгейлі, жауапкершілігі де жетіп-артылатын халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін Астанада өткізу идеясы қашан, қалай, кімдердің тарапынан туып еді?
– Өздеріңізге мәлім, жұмыр жердің әр шалғайындағы елдердің белгілі де білікті баспагерлері бір ортада бас қосып, өздерінің таңдаулы кітап өнімдерін талғампаз қауымның назарына ұсынатын, баспа саласының өзекті мәселелерін талқыға салып, ой-пікір таластыратын, өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыс орнатуға мүмкіндік туғызатын дәстүрлі көрме-жәрмеңкелер жекелеген дамыған елдерде тұрақты түрде өтеді. Мәселен, Германияның Майндағы Франкфурт қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын әлемге әйгілі кітап көрме-жәрмеңкесі. Баспа-полиграфия саласындағы жетістіктерден және заманауи талап-талғамға сай кітап өнімдерін шығару бағытын-
дағы ізденістердің нәтижелерінен, осы орайдағы барша жаһандық жаңалықтардан хабардар болып отыруға мүдделі баспагерлер мұндай шаралардан әсте қалыс қалмауға тырысады.
Шынында да, әлемнің таңдаулы да үздік баспаларының білікті мамандары бас қосатын мұндай шараның берері көп. Көңілге көп нәрсе түйіп, ойыңды байытуға, өзің қалаған баспалармен әріптестік, іскерлік байланыс орнатуға да мүмкіндік мол. Шетелдерде өткен сондай үлкен-үлкен баспагерлер басқосуына, көз тойып, көңіл тоғаятын кітап көрмелеріне қатыса жүріп, «Өзімізге де, өзгелерге де пайдалы, тәуелсіз еліміздің әдеби-мәдени саладағы жетістіктерін де жарқырата көрсетуге мүмкіндік беретін осындай ауқымды шараны неге өзімізде өткізбеске?» деген ой келген. Бірталайдан көңілде жүрген, пісуі жеткен сол ойды жүзеге асырудың да, міне, сәті түсіп, орайы келді.
– Қандай да бір іс-шараны ұйымдастырудың өзіндік мақсаты болмақ және одан күтілетін түпкі қорытынды нәтиже деген де бар…
– Біздің бұл орайдағы мақсат-мұратымыз бір ауыз сөзбен түйіндей салуға сыя қоймайды. Сондықтан, сәл тарата баяндайын.
Ұлан-байтақ Еуразия құрлығында орналасқан сан алуан мемлекеттердің, соның ішінде өз еліміздің де мәдени-әдеби саладағы табыстарын, өсіп-өркендеу үстіндегі кітап баспаларының жетістіктерін жария ету; әр елдің білікті баспагерлерінің басын бір ортаға қосу арқылы олардың мәдени, іскерлік, әріптестік байланыстарын жандандыра түсуге мүмкіндік туғызып, ынтымақтастығын нығайтуға септесу; өзара тиімді ақпарат алмасып, кітап өнімдерін шығару мен өткізу бағытында мәмілелі келісімдер түзуіне жағдай жасау; баспалардың таңдаулы, бүгінгі заманға сай үздік үлгімен жарық көрген алуан түрлі өз кітап өнімдерін оқырманға немесе әлеуетті сатып алушыларға ұсынуына мүмкіндік беріп, тұтынушының, қоғамның талап-тілегін, сұранысын сараптауға жағдай тудыру; жалпы баспа-полиграфия саласының халықаралық кеңістіктегі бағыт-бағдарын бағамдап, ой-пікір түюіне мүмкіншілік жасау – міне, тізбелей түссек, біздің бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат-мұратымыз осылай жалғаса бермек.
Егемен еліміздің басты ордасына алыс-жақын шетелдердегі әріптестердің басын қосуға бел буғанда тек баспа-полиграфия саласы өкілдерінің ғана емес, авторлардың, кітапханалардың, кітап өнімдерін сату-тарату ісімен айналысатын ұйым-мекемелердің де өзара ақпараттық, шығармашылық және іскерлік ынтымақтастығы аясын кеңейте түсуіне мүмкіндік жасауды мұрат тұттық.
Ал даралап айтатын ең басты мақсат мынау. Бүгінгі қоғамда кітаптың мән-маңызы азайып, қадірі кетіңкіреп тұр. Өзіміз көп жағдайда жерден алып, жерге салып даттайтын кешегі кеңестік кезеңде кітаптың қоғамдағы орны, қадір-қасиеті қандай болғаны сіз бен бізге жақсы мәлім. Зиялы қауымды айтпағанда, қарапайым жұртшылықтың кітапқұмарлығы керемет еді ғой. Тіпті, сол кезде қағажу көрді дейтін ана тіліміздегі әдеби-көркем кітаптардың өзі ондаған мың данамен басылатын. Және соның бәрі өз оқырманын тауып жатты. Талай-талай кітаптың алғашқы басылымы түп-түгел өтіп кетіп, қайта басылып, ол да өтіп кететін. Демек, кітапқа сұраныс болды, өйткені, оқырман бар еді, мол еді.
Ал бүгінгі ахуал мүлде басқа. Оны күнделікті өмірде сезіп те, көріп-біліп те отырмыз. Сондықтан, осындай дүбірлі, думанды шара өткізу арқылы бүгінгі қоғамның беті кітапқа бұрылуына септессек деген ізгі ниетіміз бар. Түптеп келгенде, біздің ең басты мақсат – осы. Егер осы мақсат үдесінен шығып, кітаптан теріс айналып кеткен қоғамның бетін бері бұруға мысқалдай болса да үлес қоса алсақ, мақсаттың орындалуы да, өзіңіз айтып отырған түпкі қорытынды нәтиже де сол деп білемін.
– Бір сәт негізгі тақырыптан ауытқып, мынандай бір сауал қоюдың реті келіп тұрғандай. Иә, бүгінгі қоғамда кітаптың мән-маңызы төмендеу болып тұрғаны рас. Кітап әлемінің кәсіби маманысыз ғой, осы келеңсіздіктің негізгі себебі неде деп білесіз және қоғамның бетін кітапқа қайта бұру үшін, әсіресе жас ұрпақты кітап-қазынамен қайта қауыштыру үшін тағы да қандай шараларды қолға алу керек деп ойлайсыз?
– Әрине, бұл келеңсіздіктің алуан түрлі себебі бар. Және ол нендей себептер екені де көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамға әбден аян. Қоғамдық формация ауысты, сол кезеңдегі өліара шақта рухани байлық кейін ысырылып, материалдық игілік қамы алға шықты, интернет пайда болды, кітаптардың таралымы да азайды дегендей…
Бәлкім, тап сол кездегідей кітапқұмарлықты енді қайта оралту мүмкін де болмас. Дейтұрғанмен, жан-жақты, терең ойластырылған жүйелі шаралар қолға алынса және оны орындауға тек ресми орындар ғана емес, баспагер ретінде мен де, қаламгер ретінде сіз де, білім ұяларының ұстаздары да, жер-жердегі кітапхана мамандары да, тіпті, қарапайым оқырман да – баршамыз өз жауапкершілігімізді сезіне отырып атсалыссақ, онда ол тірлік өз нәтижесін берер еді деп ойлаймын.
Бүгінде мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптардың таралымы 2000-нан аспайды. Яғни, бұл кітаптар еліміздегі кітапханаларға ең болмаса 1 данадан жіберуге де жетпейді деген сөз. Әрі-беріден соң, шалғайдағы ауыл-аудандардағы оқырман қауым баспалардан қандай жаңа кітаптар жарық көріп жатқанынан да бейхабар қалады. Ал азды-көпті оқырман негізінен ауылда. Кеше де солай болған, қазір де солай. Сондықтан, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды сұрыптауға да жете көңіл бөле отырып, өз оқырманын сөзсіз табатын сол кітаптардың таралымын көбейту және ауыл-аудандарға жеткізу жағын да ойластыру жөн бе деймін. Байқауымша, жер-жердегі үлкенді-кішілі кітапханалардың кітап қорын үнемі толықтырып отыру жайы көңіл көншіте қоймайды. Қарымды қаламгерлерді жақсы шығармалар жазуға ынталандыру жайы да ойластырылса орынды болар еді. Бұл да бір түйінді мәселе.
– Енді негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Көрме-жәрмеңкенің бағдарламасы жайлы қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз жөн болар еді.
– Көрме-жәрмеңке аясында баспа-полиграфия саласының мамандары үшін пайдалы, жалпы көрмені тамашалаушы қарапайым оқырмандар үшін қызықты, тартымды да тағылымды көптеген шаралар өткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып, бірталай жаңа кітаптардың тұсаукесері, өнер және мәдениет қайраткерлерімен, айтулы ақын-жазушылармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, іскерлік сұхбат-жүздесулер, байқаулар, қатысушылар арасында викториналық сауалдар ойыны өткізілмек. Мемлекеттік жоғары лауазым иелері, баспалар мен кітап саудасын жүргізетін мекеме-ұйымдардың басшылары, халықаралық сарапшылар, ғылым-білім салаларының, басқа да түрлі рухани ордалардың жетекшілері кітап әлемінің өзекті де өткір мәселелерін талқыға салады. Түйіп айтқанда, бұл шараға қатысу баспагерлер үшін де, авторлар үшін де, оқырмандар үшін де тиімді боларына сенімдіміз.
– Мұндай аса ауқымды шараны атқарудың жауапкершілігі де оңай болмасы түсінікті. Көрмені ұйымдастыруға ресми орындар тарапынан қолдау-көмек жасалып жатқан болар?
– Иә, жұмыла көтерген жүк жеңіл қашанда. Оның сыртында, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қолға алынып отырған бұл шараның ойдағыдай өтуі тек оның негізгі ұйымдастырушысы болып табылатын «Фолиант» баспасына ғана емес, біздің баршамызға ортақ абырой болмақ. Өйткені, бұл – ТМД елдерінен, Еуропа мен Азияның біз үшін алыс шетел саналатын ондаған дамыған мемлекеттерінен кәсіби мамандар, белгілі тұлғалар келетін жауапты шара. Осыны жете түсінген бірталай ресми орындар, атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі бізге қолдау жасап, хал-қадерінше көмек қолын созып отыр. Бұл үшін, әрине, алғыстан басқа айтарым жоқ.
Жуырда ғана аталған министрлікте көрмеге дайындық барысын талқылаған арнайы отырыс өтті. Әзірлік жұмыстарының баршасы ойдағыдай. Енді мойынға алған осы үлкен міндетті көңілдегідей атқарып шығуға күш саламыз.
Әңгіме орайында кітап жанашырлары үшін құлаққағыс жасай кетейін. Бұйыртса, бұл көрмені Астанада дәстүрлі түрде өтетін игі шараға айналдыру, яғни ІІ Еуразиялық халықаралық көрме-жәрмеңкесін келесі жылы маусым айында ЭКСПО-2017 көрмесі шеңберінде ұйымдастыру да жоспарланып отыр.
– Сөз соңында осындай игі де іргелі, тәуекелі басым істің негізгі салмағын көтеріп алған өзіңіз басқаратын баспаның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен болашаққа жоба-жоспары, негізгі ұстанған бағыт-бағдары жайлы аз-кем айтып өтсеңіз.
– Ал «Фолиант» баспасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен, болашаққа құрған жоспарларымен тереңірек таныс болғыларыңыз келсе және, сонымен бірге, еліміздегі, алыс-жақын шетелдердегі айтулы баспалардың кітап өнімдерін тамашалап, баспа-полиграфия саласының бүгінгі әлемдік деңгейдегі озық та үздік өнімдерімен танысуды қаласаңыздар, бүгін басталып 12 қарашаға дейін Астанадағы Көрме орталығында өтетін Еуразия халықаралық көрме-жәрмеңкесіне келіңіздер. Көкейдегі басқа да сауалдарға жауапты сол көрме барысында тауып, рухани байып қайтатындарыңызға кәміл сенімдімін.
– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА