Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасында мұз ойылып, екі көлік суға батты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 ақпанда «Isuzu» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі «Қызыл ту» өткеліндегі шектеуге қарамастан Бұқтырма су қоймасында мұз үстімен жүрген. Соның салдарынан мұз жарылып, көлік суға батып кеткен. 15 ақпан күні болған екінші оқиғада «УАЗ» маркалы автокөлік мұз астында қалған. Абырой болғанда, екі жағдайда да зардап шеккен ешкім жоқ.
«Көлік ішінде болғандар сыртқа шығып үлгеріп, құтқарушыларға хабарласқан. Алайда біздің мамандар адам өміріне қауіп төнген сәтте ғана көмек көрсетеді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Күршім ауданындағы Қызыл ту өткеліне 1 300 метрлік көпір салынатындығын хабарлаған болатынбыз.