Украинаның Ресей басып алған жерлерінен өзге аймақтарының бәрінде әуе дабылы қағылды. Жергілікті билік Киев, Харьков, Запорожье, Кривой Рог және тағы басқа қалаларда жарылыс болғанын хабарлап жатыр.
ВВС тілшісі де Киевте жарылыс көбейгенін айтты. Оның сөзінше, жарылыстан кейін электр қуаты сөніп, байланыс өшкен.
Кейінірек Киев мэрі Виталий Кличко "инфрақұрылым нысандарына жасалған соққы салдарынан Киевтің бір бөлігі электр қуатынан ажырағанын, кей аудандарға су берілмей жатқанын" хабарлады.
Харьков мэрі Игорь Терехов Telegram каналында қалада екі жарылыс болғанын жазды. Оның мәліметінше, қаланың маңызды инфрақұрылымдары атқыланған. Харьков метрополитені жұмысын тоқтатқан, троллейбустар мен трамвайлар да тоқтаған.
Қазіргі ақпараттарға қарағанда, Ресей әскері Украина қалаларын С-300 зымыран кешенімен атқылаған. Харьков облысының басшысы Олег Синегубовтың сөзінше, зымыран Ресейдің Белгород қаласы маңынан атылған.
Запорожье, Винницк, Кировоград, Полтавск және Днепропетровск облыстарында да жарылыс болғаны жайлы хабарланды.
Таңғы жарылыстардан кейін Запорожье қаласында электр қуаты ажыраған. Жергілікті биліктің ақпаратына қарағанда, Ресей әскері маңызды инфрақұрылым нысандарын нысанаға алған.
"Түнде Ресей әскері дүркіндетіп ататын зымыран жүйесі және артиллериясымен Днепропетровск облысын атқылаған, сондай-ақ камикадзе дрондармен шабуыл жасаған" деп хабарлады Днепропетровск облыстық әскери әкімшілік басшысы Валентин Резниченко.
"Градпен" атқылау нәтижесінде Марганец қаласында бір әйел қаза болған. "Отызға жуық көп қабатты үйге, электр сымдарына зақым келді" дейді Резниченко. Каменск ауданында камикадзе дрондар энергетикалық инфрақұрылымына нұқсан келтірген.
Ресей қорғаныс министрлігі әзірге бұл шабуыл туралы түсініктеме берген жоқ. Ресей әскері 10 қазаннан бері Украинаның инфрақұрылымына шабуыл жасап келеді. Мәскеу мұны Қырым көпіріне жасалған шабуылға жауап деп түсіндірген. Ресей қорғаныс министрлігі соққы әскери нысандарға жасалатынын айтып келген.
Украина қорғаныс министрі Герман Галущенко Ресей шабуылы салдарынан Украина энергетика инфрақұрлымының 40 пайызға жуығына зақым келгенін хабарлаған.