05 мам, 2022 сағат 14:44

Бүкіл өңірде соғыс ардагерлеріне кем дегенде 1 млн теңгеден төленеді


Биыл да Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет келтірді.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне Ұлы отан соғысындағы жеңіске үлес қосқан азаматтар жоғарыда аталған барлық санаттар үшін материалдық көмектің кепілдендірілген ең төменгі мөлшерін белгілеуді ұсынады. Нәтижесінде Ұлы отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне бүкіл өңірлерде 1 млн теңге мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетіліп жатыр. Бұрынғы концлагерьдегі кәмелетке толмаған тұрғындарға 100 мың теңгеден кем емес, қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне 60 мың теңгеден кем емес қаражат қарастырылған. Қайтыс болған Ұлы отан соғысы мүгедектерінің жұбайлары мен соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден кем емес қаражат қарастырылған. Төлемдер бүкіл өңірлерде төленіп жатыр. Бүгінгі таңда Ұлы отан соғысы ардагерлері тиісті төлемін алды. Тек 3-4 өңір қалды. Олар да 9 мамырға дейін төлейді», - деді Руслан Сәкеев.